АҚШ-тың Сиэтл/Такома халықаралық әуежайында Japan Airlines ұшағы Delta Air Lines ұшағына соқтығысты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әуежай Вашингтон штатында, Сиэтл мен Такома қалаларының арасында орналасқан. Ол - Сиэтл қаласының орталығынан оңтүстікке қарай шамамен 23 шақырым жерде орналасқан және Тынық мұхитының солтүстік-батыс аймағындағы ең үлкен әуежай.
Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) басылымға ұшақтардың әуе қозғалысын басқару органдары бақылай алмайтын аймақта болғанын хабарлады.
Оқиғаға байланысты FAA әуежайдағы кейбір рейстерді уақытша тоқтатты.
Агенттік оқиғаны тергеуді жалғастыратынын айтты.
Delta Air Lines бұл оқиға кезінде компания ұшағы мұздан тазартуға кезекте тұрғанын түсіндірді.
"Экипаж бен жолаушылар арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ", - делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Куәгерлер X әлеуметтік желісінде Japan Airlines ұшағы Delta Air Lines ұшағымен соқтығысқаны түсірілген видеоны жариялады.