Бортында 10 адамы бар Bering Air ұшағы Аляскадағы Ном қаласына қонуға жоспарланған уақыттан бірнеше минут бұрын радардан жоғалып кетті. Радиобайланыс үзілді. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр. The New York Times газетінің хабарлауынша, Bering Air ұшағы Аляскадағы Уналаклит қаласынан жергілікті уақыт бойынша сағат 14:40-та көтерілген. Бұл туралы басылымға әуе компанияның операциялық директоры Дэвид Олсон мәлім еткен.
Борт сағат 15:20 шамасында, Ном қаласына келуге 10 минут қалғанда радардан жоғалып, әуе қозғалысын басқару және әуе компаниясымен радиобайланысын үзген. Ұшақта ұшқыш пен тоғыз жолаушы болған.
Ном қаласының ерікті өрт сөндіру қызметінің Facebook желісіндегі мәліметінше, іздеу бригадалары мен жағалау күзеті, Ұлттық гвардия және әуе күштерінің ұшақтары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, бірақ ауа райының нашар болуынан ұшақты іздеу қиынға соғып жатыр.
Ном қаласының полиция басқармасы Facebook желісінде іздеу жұмыстарына қайығы бар азаматтар керек деген жазба жариялады. Кейін полиция жеткілікті мөлшерде қайық тапқанын айтып, қолдау көрсеткендерге алғыс білдірді.
Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.