Несиені ерте жабамын деп айыппұл арқалап жүрмеңіз. Себебі келісімшарт талаптары сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады. Артық қыламын деп тыртық қылмас үшін не істеу керек? Толығырақ әріптесім Дәрібек Бахытбек айтады.
Қазір ақшадан қысылса, бәрі несиеге жүгіреді. Елде түрлі банк банк бар. Біреуі қарыз бермесе, біреуі береді. Алайда, келісім-шартпен жұрттың бәрі бірдей оқып-таныспайды. Ал ерте жауып тастаса, не болады, оны да көп адам білмейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Таныспаймыз негізі. Бірақ ерте төлеп тастағанға кредитке штраф деген ол естімеппін шыны керек. Оған қарсымын негізі дұрыс емес ғой.
- Дұрыс емес, енді бұрын төлеп тастаса. Оған штраф салса. Досрочно жабамыз майда кредиттерді. Крупный жапқан жоқпын әлі.
- Несиені адамдар қиналғандықтан алады. Ал, оны ерте жапса айыппұл деген қате.
Көбінесе айыппұл төлемнің кешігуіне байланысты қолданылады. Бірақ кейбір банктер мерзімінен бұрын өтелген сома үшін де айыппұл белгілейді. Яғни, несие мерзімі бір жылға дейін болса, банк алғашқы 6 ай ішінде кредитті толық өтеген кезде өтемақы ұстауы мүмкін. Ал, бір жылдан ұзақ мерзімге рәсімделсе, алғашқы 12 ай ішінде кредитті өтегені үшін ақы төлетеді,-дейді мамандар.
ОЛЖАС РАМАЗАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Егер келісімшарттың қандай да бір тұсы түсініксіз болса, оған қол қоймаңыз. Құжаттың көшірмесін алып, оны үйде мұқият зерттеңіз немесе мамандардан кеңес алыңыз. Банк сізге несие туралы толық ақпарат беруге міндетті.
Заңгерлердің айтуынша, несиені ерте төлегені үшін айыппұл салу -заңсыз. Сондықтан кредитті аларда келісім құжаттарына аса мән берген жөн.
ТІЛЕУЖАН КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Егер алған адам бір айдың ішінде немесе екі айдың ішінде өзінің жаңағы жауып тастайтын мүмкіншілігі болған жағдайда, жауып тастауға ешқандай кепілдік болмау керек. Бұл негізсіз заңсыз болып саналады.
Ал, несиені төлеп болған соң оны растайтын анықтама алыңыз. Сосын банктен қарыздың жабылғанын растайтын құжатты талап етіңіз. Бұл есеп жүргізу кезінде қателіктердің алдын алуға көмектеседі.