Кез-келген қазақстандық азамат көзі тірісінде мәйіттік донорға келісетін не келіспейтінін білдіріп алдын ала қолхат бере алады. Мұндай құжатты өзі тіркелген емханаға немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып толтыруға құқылы.
Егер қолхат болмаса, мәйіттің дене мүшесін донорлыққа алуға дәрігерлердің Заңды құқығы бар. Бұл туралы ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиев айтты. Сондай-ақ ол мәйіттік донор мәселесінен шошудың қажеті жоқ, деді. Қазақстанда «келісім презумпциясы» 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқанын айтты.
Жақсылық Досқалиев, Ұлттық трансплантация орталығының директоры:
Адам өлер алдында донор бола алатынын не болмайтынын айтып, өз еркімен арыз қалдыра алады. Мұндай норма бар, ол әр адамның еркінде және бұл заңды түрде бекітілген. Біздің әрқайсымыз өзіміздің емханамызға барып, арыз жазуымызға болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауруханада көз жұмған 22 жастағы ақтөбелік жігіттің екі бүйрегін дәрігерлер мұқтаж науқастарға салған. Ал, туыстары «біз оған рұқсат берген жоқпыз» деп дәрігерлерді сотқа берді. Бұл жағдай қоғамның назарын аударып, кеше денсаулық сақтау министрі мәлімдеме жасады. Мамандардың дерегінше, Қазақстанда ішкі ағзасын алмастыруды қажет ететін 3 жарым мыңдай науқас бар.
Қайтыс болған адамның ішкі органдарын алу мәселесі сенбі, 20.00-де, "Біздің уақыт" ақпарат-сараптамалық бағдарламасында жан-жақты талқыланады, жіберіп алмаңыздар!