Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Партиялар үгіт-насихат науқанын аяқтады

AstanaTV
18.03.2016ж. 20:00
2476
Партиялар үгіт-насихат науқанын аяқтады

Бүгін түнгі 12-де Парламент Мәжілісі сайлауына түсіп жатқан саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттардың үгіт компаниялары өз жұмыстарын тоқтатады. Бүгін партиялардың дені үгіт науқанына Астанада нүкте қойды.  

Бас шаһарда өткен «Нұр Отан» партиясын қолдаушылар форумы еліміздің әр түкпірінен келген 3 мыңға жуық адамның басын қосты. Бүгін саяси додада салмағы сараланған ұйым өз үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатты. Осы аралық ішінде партия жақтастары мыңдаған кездесулер өткізген. Ал  үгіт-насихат компаниясының соңғы күнін нұротандықтар есте қаларлықтай етіп ұйымдастырды. Бұл партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын үгіттеп, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарған жақтастарға көрсетілген құрмет іспетті. Форумның қорытынды жиыны барлық  сән-салтанатқа лайық өткені содан. Партия мүшелері саяси додада жеңіске жетеріне бек сенімді.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:

Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бізге сайлауалды бағдарламаны әрбір сайлаушыға жеткізу міндетін тапсырған болатын. Біз бұл тапсырманы орындадық деп айта аламыз. Еліміздің барлық өңірлерінде, әрбір елді мекенінде 400 мыңнан астам кездесу өткізіп, сайлаушылардың қолдауын көрдік. Сондықтан біз жеңіске жететінімізге сенімдіміз!

Бахытбек Смағұл, «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының барлығында да мәдени мұра бастамасы жақсы қамтылған. Ол біздің еліміздің болашақта тәуелсіздігіміздің тынысының еркін демалуына азат елдің болашаққа дегн талпынысына жалпы өркиетті елдің жаңғыруының жаңа бастамасы болып табылады.

Ақжолдықтар да соңғы үгіт-насихат күнін Астанада өткізді. Кәсіпкерлер арасында «Ақ жолға дауыс бер» акциясын ұйымдастырды. Олардың сайлауалды бағдарламасындағы басымдық берілген сала кәсіпкерлік болғандықтан, партия белсенділерінің бизнес өкілдерімен кездесуі заңды да. Жиынға 30-дан астам кәсіпкер қатысты. Олар бүгінгі экономикалық ахуалды сөз етіп, бизнестегі толғандырған мәселелерін ортаға салды. 

Азат Перуашев, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:

Біз жүздеген мекемелерді аралап шықтық, жүздеген еңбек ұжымдарымен кездестік. Әсіресе бизнесмендермен кездескенде, олар өз проблемаларын айтты. Кейбір проблемаларды сол кезде шешуге тырыстық. Кейбір проблемаларды жүйелі мағынада, әрине, құдай бұйырса, сайлаушылар бізге тағы сенім көрсетсе, біз Парламентте шешуге тырысайық аманат ретінде.

«Ауыл» партиясының белсенділері де үгіт-насихатына Елордада нүкте қойды. «Ауылым - алтын бесігім» ұлттық киімдердің фестивалін өткізді. Осылайша ауылдықтар үгіт жұмысын шығармашылық серпінмен аяқтап, қолөнершілер мен зергерлердің үздік бұйымдарын көрермен назарына ұсынды. Фестивальге Астана қаласының дизайнерлері мен модельерлері қатысты. Олар қазақ киімдерінің классикалық үлгілерімен бірге ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, заманауи нақышта тігілген киімдерін де көрсетті. 

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:

«Ауыл» партиясы осы өткізілген сайлауалды жұмыстарында заңның шеңберінде, өзіміздің республикалық қоғамдық штабта бекіткен жоспардың көлемінде жұмыс жасадық. Бағдарламаның негізгі бағыттарын елге, халыққа жеткізіп үлгердік қой деп ойлаймын.

Ал коммунистер үгіт шараларының соңғы күнінде елдің барлық өңірлерін қамтуға тырысты. «Қазақстан коммунистік халық партиясы үшін дауыс бер!» акциясын өткізіп, ақ көгершіндер ұшырды. Ақ бейбітшілік құсын коммунистер бір уақытта еліміздің әр аймағында аспанға ұшырды. Кеншілер шаһарының белсенді коммунистері шараға барынша дайындалғандарын байқатты. Республика көлемінде өткен акциядан Қостанай облыстық комитетінің белсенділері де тыс қалмады. Үгіт-насихат шарасының соңғы кезеңіне Павлодар өңірі де атсалысты. Партияның оңтүстіктегі белсенділері де өңір халқын өз саяси ұйымын жақтауға шақырды. Шара Астанада қорытындыланды. 

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Біз бұл мағынаны шараны үгіт кампаниясының соңғы күнінде бекер өткізіп отырған жоқпыз. Ақ көгершіндердің ұшырылуы біздің мақсаттарымыз бен идеяларымыздың кіршіксіз тазалығын білдіреді. 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да үгіт-насихат кампаниясын қорытындылап, ақтөбеліктермен кездесті. Саяси ұйымның Ақтөбе облысындағы штабы аймақтағы үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізген. Еріктілер ақпарат тарату құралдарын пайдаланып, тұрғындарды барынша хабардар еткен. Сондай-ақ, барлық аудандарда сенімді өкілдері өз міндеттерін атқарған. Партиялық тізім бойынша ЖСДП атынан 23 үміткер енгізілсе, олардың орташа жасы 54-те. Үміткерлердің барлығы да жоғары білімді. 

Ербол Тәжіғұлов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жастар қанатының жетекшісі:

Барлық үгіт-насихат материалдары, өздеріңіз көріп отырғандай, барлық облыс бойынша таратылды. ЖСДП жастармен де жұмыс жасайды. Осы күнге дейін ауылдық жастармен жұмыс жасадық. 

«Бірлік» партиясы да үздіксіз жүргізілген үгіт-насихат кезеңіне нүкте қойды. Бір ай ішінде саяси ұйым белсенділері Астана және Алматы қалалары мен 11 облысты аралап, 200-ден астам шара өткізді. Еліміздің барлық өңірінде партияның қабылдау бөлімшелері жұмыс істеп, халыққа сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. «Бірлік» отандық өнімге қолдау білдіріп, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға да айрықша көңіл бөлді. Ұйымның ресми сайты жұмыс істеп, халықты толғандырған сұрақтарға үздіксіз жауап берілді. 
 
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

200-дей шараны өткіздік. Кездестік. Барлық жерде көзқарас жаман емес бізге. Жақсы қарсы алып жатыр. 8 кандидат ұсынып отырмыз. Мәжіліске өтетін болсақ, әрине, біз халқымызға бар күшімізді салып, білімімізді салып жұмыс істеуге тырысамыз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ