$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Павлодарда жұмыссыздар қатарынан шіркей улаушылар іздестірілуде

AstanaTV
07.06.2017ж. 20:00
2227
Павлодарда жұмыссыздар қатарынан шіркей улаушылар іздестірілуде

Павлодарда жұмыссыздар қатарынан шіркей улаушы адамдар іздестірілуде. Қалалық жұмыспен қамту орталығында биыл алғаш рет осындай вакансия пайда болған. Бұған себеп - қансорғыштардың көбейіп кетуіне байланысты онымен күресушілер санының жетпей тұрғандығы. Шаһардағы шыбын-шіркейге жем болған қауымның жағдайын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы айтып береді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жұмыспен қамту орталығында жаңа вакансия пайда болды. Жұмыссыздар арасынан шыбын-шіркейді улайтын адамдарды іздестірілуде. Басты себеп - өңірде қансорғыштар легінің күрт көбейгендігі. Қаптап кеткен жәндіктермен күресуге штаттағылардың шамасы жетпей қалған. Сондықтан мердігер жұмыспен қамту орталығынан көмек сұрапты. Залалсыздандыру ісімен айналысатын фирмаға әлі 30 шақты жұмысшы қажет. Маусымдық еңбекке шығатындардың белгіленген жалақысы бар. Алайда, улы препораттармен жұмыс істейтіндіктен, халықтың көбі бас тартуда.

Арман Смайылов, Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

Қазір 19 адам құжат жинап жатыр. Жалақы көлемі 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін.  Жұмыстың ауқымына қарай тағайындалады. Бізге 18 бен 50 жас аралығындағы адамдар керек.

Шыбын-шіркеймен күреске биыл билік ерте қамданған. Бұл шаруаға бюджет 595 млн теңге бөлінді. Биопрепараттар өзенге төгіліп, залалсыздандыру шаралары қарқын алды. Бірақ нәтиже шамалы. 

Көшеде жүруден қалдық қой көбіне. Салқындау болса, шығуға болады.

Жүре алмаймыз ғой, әзер жүреміз. Міне, құлағыма да кіріп кетті жаңа. Әзер алып шықтым.

Керекуліктердің ұсақ қанаттыларға таланғанына бір аптадай болды. Қара түтіндей үймелеген шіркей көше түгіл, үйдегілердің мазасын кетіруде. Амалы таусылған қауым дәрі-дәрмек жағып, тіпті арнайы киім және ағаш бұтақтарымен қорғанып әлек.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Дегенмен, бүгін қаладағы жағдай сәл тұрақтанған. Бұған ауа-райының салқындап, жел екпінінің күшейуі себеп болса керек. Ал, күн жылынып, шайдай ашылса, бұқара тағы да үймелеген шыбын-шіркейге жем боламыз деп алаңдайды. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ