Қарағанды облысының Саран қаласында күн электр станциясы салынады. Бұл ауқымдылығы жөнінен Орта Азиядағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Нысан мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жобасы аясында қолға алынды. «Жасыл» энергетика өнімі бірқатар аймақтардағы тұтынушыға жетеді деген жоспар бар. Бүгін жаңа стансаның алғашқы кірпіші қаланды.
Жобаға
Словакия, Чехия, Германия мемлекеттерінің инвесторлары қаржы құюды жоспарлап
отыр. Жобаға салынған қаражатты шамамен 8 жылда ақтап алу межеленген. Ал жаңа
электр станциясының өнімін «Кегок» компаниясы сатып алып, әрі қарай таратпақ.
Электр қуатының әр киловаты шамамен 36 теңгеге бағалануы мүмкін. Қарағанды
облысының әкімі бұл жоба аймақтың «ЕХРО-2017» көрмесіне жасаған тамаша тартуы
екенін атап өтті.
Тың жобаның
жалпы құны 140 миллион евроны құрайды. Қуаты 100 мегаватқа тарта. Ал, Саран
қаласы жылына 10 мегаватт электр қуатын тұтынады. Сондықтан болашақта бұл
станция Саран секілді 10 қаланы тоқ көзімен қамти алады,- дейді мамандар. Алдағы
уақытта 160 гектар аумаққа 370 мың күн панелі қойылады. Оның кепілдік мерзімі
15 жыл, осынша уақыттан соң бұл құрылғылар қайта жаңартылып отырады. Күн электр
станциясы жылына 145 миллион киловатт\сағат қуат өндіреді деп жоспарланған.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
Біз Елбасының баламалы энергияны дамыту туралы тапсырмасын орындауда алғашқы қадам жасап отырмыз. Бұл Саран қаласы үшін ғана емес, аймақтағы өзге де аудан қалаларға үлгі боларлық өте тиімді бастама. Болашақта экономикалық тұрғыда орасан пайда әкелетін жоба деп есептеймін.
Душан Подгорски, жобаның бас ғылыми кеңесшісі:
Өндіріс
орындары көп шоғырланған Қарағанды өңірінде энергия көзі тапшы. Ал жаңа
кәсіпорындар жыл сайын көбеюде. Бұл станция болашақта осы мәселені шешуге
септігін тигізбек. Екіншіден, бұл Қазақстанның Париж конвенциясы аясында
атқарған жұмыстарының бірі десек те болады.