Алматыда 200-ге жуық автобус жүргізушісі екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Автопаркте бір емес, 5 түрлі бағытқа қатынайтын транспорт бар. Еңбекақысын алмаған қызметкерлер енді тұратын пәтерлерінің де құнын төлеуге шамасы жетпей отыр. Несиеден несие алып, тіпті бірнеше банктың қара тізіміне еніпті.
Бұл – Алматыдағы ең ірі автопарктердің бірі. 180 жүргізуші осы кәсіпорынның құдығынан су ішіп отыр. Әрқайсысы – отбасының бір-бір нан табар асыраушысы. Олар желтоқсан мен қаңтар айының еңбекақысын әлі алмаған. Тіпті несиесін басқа банктен несие рәсімдеп жауып, күнелтіп отырғандары бар. Одан қалса, зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына да жарты жылдан бері бір тиын да түспепті.
МАДИЯР ӘБДІЛДАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Ауырып тұмау боп тұрмын өзім. Поликлиникаға барсам, ОСМС-ың төленбеген деп, қарамай қойды. Вторник деді түспеді, пятница деді түспеді. Кредит қысып жатыр бізде, кредиттің уақыты совпадение келмейді біздің зарплатаға. Мысалы әр айдың 25-і түседі бұл жерде, 1 айды толық істейсің да, келесі айдың 25-інде түседі. Соны 10-15-не дейін түсіріп берсе бізге.
Осылай деп, автопарктың экс-қызметкері де базынасын айтты. Қалтасына көк тиын түспеген соң, жұмыстан шығуға мәжбүр болыпты. Бірақ бұл жүргізушіге кәсіпорынның әлі біраз берешегі бар екен. Тасымалдаушылардың айтуынша, мұнда еңбек демалысының да ақысы уақытылы берілмейді.
ЕРҒАЛИ ЖОЛДАСБАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Квартирада тұратын жігіттер бар. Жол жүрсең де ақша. Бір үйде бір адамға қарап отырған семья бар мысалы, тек қана жолдасы күйеуі жұмыс істейді, қалғандары жұмыс істемейді. Олар екі айдан бері немен қоректенеді сонда?!
Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап көп. Бірақ қызметкерлер бейнетінің зейнетін көріп қарық боп отқан жоқ. Егер жүргізушілер ерегісіп жұмысқа шықпай қойса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын көрінеді.
БАҚЫТ АЙТМЫРЗАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Таңғы 4-тен шығып келеміз паркке, бізде өзімізде шығатынымыз бірінші график 4:52-де шығамыз, последний заезд 23:39. Пока заправка дейсің, анау-мынау дейсің 12 болады. Үйге барасың, обратно 3 жарым 4-те қайтадан жұмысқа келесің.
Автопарк басшылығы бұл жағдайды : «Әкімдік тарапынан субсидия бөлінбегендіктен, қызметкерлерге уақытылы жалақы берілмей отыр» - деп түсіндірді.
АБЫЛАЙХАН ОМАРХАН, - «NEO CITY TRANS» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Жылдың басы всегда осылай басталады. Себебі, жылдың басында бүткіл расчеттар бәрін пока өткіземіз, қаулы қабылданғанша, осындай кешігушілік бар жылдың басында. Но ақшасы төленіп жатыр. Бүгінгі күні зейнетақы мен медициналық былайынша айтқанда налоговый жақтан төленбей тұрған фактісі бар. Бірақ ол осы айдың соңына дейін төленеді.
АЗАМАТ ЕСЖАНҚҰЛ, ҚАЛАЛЫҚ МОБИЛЬДІК БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жүргізушілердің жалақысын бермеу деген ол кішкене жалған ақпарат деп ойлаймын. Өйткені Алматы қаласының әкімдігі барлық тасымалдаушылар алдында өздері ешқандай қарызсыз. Барлық жүргізушілерге жалақысын берген. Енді өздерінің арасында қандай себептер болғанын ол түсініксіз. Бізде әр айдың 20-на дейін тасымалдаушыларға өзінің жүрген субсидиясы төленеді толыққанды.
Қалалық әкімдік өткен жылдың субсидиясы автопаркке толықтай аударылған деп кесіп айтты. Ал, қаңтар айының қаржысы бүгін жіберіліпті.