Еліміздің ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі саналатын «North Caspian Operating Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 24 жылдан бері отандық тауарларды сатып алу деңгейі 15 пайыздан аспай отыр. Бұл туралы Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану Комитетінің кезекті отырысында айтылды. Депутаттар 2029 жылға дейін жергілікті өнімдерді пайдалануды 30 пайызға жеткізуді тапсырды. 10-15 жылда бұл көрсеткіш 70 процентке артуы керек. Ол үшін компания басшыларына қазақстандық өнімдерді алу жөнінде KPI қою тәртібін енгізу ұсынылды. Қазір мұндай оң тәжірибе «Қарашығанақ» жобасында қолға алынған.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Компанияның шетелдік басшылары қазақстандық тауар өндірушілердің зауыттарын барып көргендері дұрыс. Көбіне өкілдері, орынбасарлары, Қазақстан азаматтары, топ-менеджментті барып көреді. Ал жалпы шетелден келген топменеджмент біздің отандық фабрикаларды өз көздерімен көргені дұрыс. Қазір бізде мықты компаниялар пайда болған. Шетелдік компаниялардан кем түспейді, жасап жатқан шаруалары.