Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

EXPO көрмесіне бірінші күні келгендер

AstanaTV
10.06.2017ж. 20:00
2238
EXPO көрмесіне бірінші күні келгендер

Көпшілік үшін бүгін ашылған EXPO көрмесінен алғашқы күн репортажын дайындадық. Міне, «менмұндалаған» шар алыстан көз тартады. Халық таң ата осында ағылып жатыр.  Шетелдік, отандық журналистер құралдарын сайлап әлек. Ерте келген еріктілер де қобалжулы. Ал бұл - Экспо аумағына кіретін жер. Ешбір адам мына бекеттен тексеріссіз, тінтусіз өтпейді.

Құқық қорғау органдарының жұмысы қауырт. Иіссезгіш иттер де қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін сақадай сай. 
Есіктен кірген адамды мына алып шар магниттей тартады. Қолдары еріксіз қалта телефонына жүгіріп, шырт еткізіп суретке түсіріп жатқандар көп. 

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Құрамына 166 ел кіретін көрме алғаш рет 166 жыл бұрын Лондонда өткен. Ол кезде «Барлық елдің өндірістік жұмысы» деген атау тақты. Кейін ол әр елде өтетін болды. Содан бері көрме өткізуші мемлекеттер бірегей, теңдесі жоқ ғимараттар салуды дәстүрге айналдырды. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмады.

Көрме өткізуші елдің павильоны осы. Қазақстанның ғылыми жаңалықтары  шар тәрізді ғимаратта орналастырылған. Мұны айтуым тегін емес, өйткені «өз павильонымыз қайда» деп жүрген қазақтар көп. Олар Астанаға күнде келіп жүргендер емес. Алыстан ат арытып, аяқтарын аяңдап басқан зейнеткерлердің шаршаған түрлері көрінбейді. 

Көрмеге келген адамдар:

- Мұндай ел болып осылай құрылды өте тамаша жағдайда, қуанышта отырмын мен енді.

- Қазақстан қандай мемлекет екенін танытып жатыр. Бұрын көп ешкім білмейтін. 16-17 миллион ғана халықпыз. Дүниежүзі танып жатыр, айналайын. 

- Мұнда Қазақстанда бұрын-соңды болмаған туристер көп. Дегенмен, қытайлардың саны басым екенін мына кадрлардан-ақ байқай беріңіз.

- Аспан асты елінің өкілдерімен емін-еркін сөйлесіп тұрған қазақтарды байқадық. Шыңжаңнан көрмеге арнайы келген қазақтар екен.

- Қазақ еліне амандаса келдік, туыстар бар. Сондықтан жақсы бір кеш өтіп жатыр екен. Соған қатысып, қызық көрейік деп келдік. 

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Жұрт көрмеге таңғы сағат 10-нан жинала бастады. Келушілер аз не көп деп айта алмаймыз. Бір байқағанымыз, жастар аз. Ал үлкен кісілердің дені ауыл-аймақтардан келгендер. Мұндағы атмосфера ерекше. Құдды бір басқа елге келгендей әсер қалдырады.

Ал көрмеге қатысушы елдердің басшылары, біздің елдегі елшілердің де емен-жарқын әңгімелесіп тұрғанын көрдік. Әр елден келген туристер, тіпті жиһанкездер де көп. Біз сөйлескен шетелдіктер Бельгия, Австралия, Анголадан келген. 

Көрмеге келген адамдар:

- Маған халықтың қонақжайлығы ұнады. Бірінші рет келуім, әсер керемет. Келуді қалайтындар көп біздің елде, бірақ 15 сағат ұшу керек. Әрі алыс болған соң билет бағасы да қымбат.

- Бәрі керемет. Бірнеше павильонда болып, белгілерін алдым. Кеше ғана келдім. Әзірге Экспо аумағынан шыққан жоқпын. Көрмеге келу үшін билетті өткен жылдың қарашасында сатып алғанмын.

- Қазақстанға келгеніме 3 күн болды. Барлығын аралап үлгермей жатырмыз. Әсеріміз керемет. Халқы өте сыпайы.

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық ерекшеліктерін паш етіп жатыр. Олардың езулеріндегі күлкі еріксіз көңіл-күйді көтереді.

Көрме аумағы бір шаңырақ іспетті. Ұлт пен ұлысы, діні мен ділі бөлек болса да бүгін әлемдегі шекаралар жойылғандай. Халық еріктілер арқылы бір-бірін танып, баламалы энергияның соңғы жетістіктерін көруге асығып жатты. Өйткені оларды қызықтыратыны – болашақ. Көрменің ерекшелігі де, осы!