Биыл соғыс ардагерлеріне төленетін жәрдемақы үш есе көбейді. Осылайша қарт майдангерлерге берілер қаржылай көмек 5 миллион теңгеге жетті. Бұрын оларға 1,5 миллион теңге төленген еді. Сонымен қатар соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер де ұмыт қалмайды. Біржолғы материалдық көмек алатындардың ішінде Ленинград қаласының қоршауында қалғандар, фашистік лагерь тұтқындары, қайтыс болған соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілгендердің әйелдері және тылда еңбек еткен азаматтар да бар.
ЖАҚСЫЛЫҚ АБДОЛЛОВ, БҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
9 ардагерге 5 млн тг көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Бізде 5 миллион деген 1,5 млн деп тұр. Соның ережесін қазір өзгертіп жатырмыз. Әлеуметтік көмек көрсету ережесіне сай сәуір айында төленетін болады. Қазіргі кезеңде ҰОС 80 жылдығына байланысты қалалық, аудандық атқарушы органдар өздерінің өкілдік органдарына ережені өзгерту бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде Оралда көзі тірі 10 соғыс ардагері ғана қалған. Алды ғасыр жасаған қариялар сый-құрметтен кенде емес. Бүгін қарт майдангер Вениамин Скаленконың үйіне арнайы келген әскерилер алдағы мерекемен құттықтап, тарту-таралғы жасады. Жеңіске жақындатқан ерлігі үшін жауынгерге жалғыс білдіріп, әскери оркестр соғыс кезіндегі әндерді шырқады.
ВЕНИАМИН СКАЛЕНКО, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
Жасым 18-ге толмай жатып, әскерге алындым. Ленинград әскери байланыс училищесінде алты ай оқып, Морзе әліппесін үйрендім. Арнайы белгі беруді мамандардан да артық меңгергем. Кейін әуе десантының қатарында парашютпен секіріп, жау тылында ұрыс жүргізуге жаттықтық. Соғыс талай жастың қыршын өмірін жалмады. Талай досымнан көз алдымда айрылдым. Енді мұндай қайғы-қасірет болмасын!