«Алғыс айту» күні көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлайтын ерекше мерекеге айналды. Соңғы уақытта осы күні адамдар бір-біріне жылы лебізін арнап, ыстық ықыластарын білдіріп жатады. Ерекше қуаныш сыйлайтын жылы сөздерді қоғамдық көлік жүргізушілеріне арнағымыз келді.
Үсен Нағызбековтің жүргізуші ретінде 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Соның 10 жылында Қызылорда автобус паркінде жұмыс істеп келеді. Таңғы сағат 5–те рөлге отырғаннан, түн жарымына дейін бел жазбайды. Қиын болғанымен, ол еңбек етуден қашқан емес. Көрсетіліп жатқан сый-құрметке қарап көңілім тоқ дейді.
ҮСЕН НАҒЫЗБЕКОВ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
Биыл Президентіміз айтып жатыр ғой жұмысшылар жылы деп. Негізі кезінде жүргізушілерді бағаламайтын еді ғой. 2-3 жыл болды «Д» санаты бар жүргізушілер бізде аз. Қазір біздерді іздеп, жұмысқа шықпай қалсаң қай жақтасың деп, ауырып қалсаң больничный төлеп, ертерек құрмет жасап жатыр. Осыған ризамыз.
Қалада күніне 280 автобус халыққа қызмет көрсетеді. Олар шамамен 100 мыңдай адамды діттеген жеріне жеткізеді. Бірақ көпшілікпен түсінісіп жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сабыр мен кәсібилікті қажет етеді. Сондықтан адал еңбектерін абыроймен атқарып жүрген қоғамдық көлік жүргізушілеріне елдің алғысы шексіз.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Халықпен жұмыс істеу оңай емес, біреуі қайқы, біреуі түлкі, біреу ұрысады, біреу айқайлайды. Соған шыдап, жұмысшылардың бізді апарып жатқанына рахмет дейміз.
- Халыққа қызмет тетін, халықтың арасында етене жұмыс жасайтын мамандықтың бірі. Бірі білсе бірі біле бермейді халықпен жұмыс жасау үлкен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан автобус көліктерінің жүргізушілеріне алғыс айтамыз.
Жылы сөз – күннің нұрындай, жанға жылу, көңілге медеу. Елдің ықыласы жұмыс барысындағы қандай қиындық болмасын жеңілдетеді. Сондықтан кішкентай баладан бастап еңкейген қарттың да жанын жарытатын алғыс сөзді күнде айтып жүрсек те артықтық етпейді.