Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

13 маусымнан бастап ресми тіркелген такси көліктері автобус жолақтарымен жүре алады

AstanaTV
13.06.2017ж. 20:00
2456
13 маусымнан бастап ресми тіркелген такси көліктері автобус жолақтарымен жүре алады

Бүгіннен бастап Астанада ресми тіркеуі бар такси көліктеріне автобусқа арналған бас лайн жолағымен жүруге рұқсат берілді. Елордада осыған орай салтанатты лента кесу шарасы  ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасы 14 таксомоторлық компаниямен шарт жасасқан. Мұндай бастаманың қолға алынуы қызмет көрсету сапасын жақсарту және заңсыз тасымалды тыюды көздейді.

Абдыхамит Тамабаев,  «Астана LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімінің маманы:

Осы заңды компаниялардың көліктері бас лайн жолағымен жүруге құқығы бар. Бізбен келісім жасағанда әрбір көліктің басына куәлік беріледі. Тізімге енгізіліп, көліктердің нөмірі Астана қаласының әкімшілік полиция басқармасына беріледі. Яғни оларда әрбір заңды таксидің нөмірі болады.

Бас лайн жолағына шығып, құқық бұзушылық жасағандарға 5 АЕК мөлшерінде 11 345 теңге айыппұл салынады. Ресми өкілдердің айтуынша, Астанада қазір 3000 бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Барлық құқық бұзушылықтар автоматты түрде тіркелетін көрінеді. 

Нұрлан Уваев, Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл камералар көлік жылдамдығын асырған және бас лайн жолағы арқылы жүрген жеке көлік иелерінің құқық бұзушылығын тіркейді. Одан кейін Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік тәжірибесінің процессингтік орталығына әкімшілік айыппұл салуға жіберіледі. Жаңа камералар сапалы, әрі анық түсіреді. Инспекторлар да осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек.