Жер шарын велосипедпен шарламақ болған француздар Шымкентке келді. Шайтанарбаны серік еткен шетелдік үш турист мұнда біраз аялдамақ. Қазақстан - саяхатшылар табан тіреген 17-ші ел. Зейнеткер шетелдіктің мақсаты мен біздің елден алған әсері жайында әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатып айтады.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Велосипед тақымдаған француз елінің саяхатшылары Шымкентке жеткенше 12 мыңнан астам шақырымды артқа тастаған. Сәуірдің аяғында Баку арқылы теңіз жолымен Ақтауға келіпті.
Қиын да қызықты сапарға шығу үшін ерлі-зайыпты Ришар Дёлаво мен Бернадетт Элеуэт бес жыл бойы дайындалыпты. Айтуларынша, бұл олардың бала күннен бергі арманы. Бернадетт қазақ даласы жайында кітаптан оқыған. Ал зайыбы Ришар фильмдерден қанық болған Орта Азия жері мен ондағы халықпен жақын танысудың сәті түскеніне риза.
Ришар Дёлаво, саяхатшы:
Достарымыз Қазақстан туралы, оның халқы жайлы көп айтатын. Ғаламтор арқылы да халықтың тамаша екендігіне қанықпыз. Бірақ біз мұншалықты жайдары, құшағын жая қарсы алады деп ойламаған едік. Көзімізбен көріп, куә болып жүрміз. Далаға түнеуге жол бермей, үйлеріне әкеледі.
Бернадетт Элеуэт, саяхатшы:
Қазақстанның жолдарымен жүріп өту үшін бізге үш қол керектігін түсіндім. Екеуімен тізгінді ұстасаң, бір қолыңмен оларға қол бұлғап, сәлемдесуге керек екен. Жол жиегіне жәй аялдап қалсаң көліктегілер міндетті түрде «Қандай да бір көмек қажет пе?»- деп сұрайды. Тым болмағанда селфи жасайды. Мені таңқалдырғаны, қонақ күтіп жіберуге әзір тұрады. Ал Францияда әркім өзі жеген тамағына өзі төлейді.
Францияның портты қаласы Морледе тұратын Ришар Дёлаво - зейнеткер теміржолшы. Ал оның жары Бернадетт пен қайынбикесі Симон - педагогтар. Симон олардың бұл сапарына Ақтаудан қосылыпты.
Бернадетт Элеуэт, саяхатшы:
Жол сапасы Қазақстанда аса керемет дей алмаймын. Бірақ Европада велосипед тізгіндегендерге арнайы жолдар салып қойғанмен, сені елемейді ешкім. Жол бермейді. Ал Қазақстанда арнайы жол жоқ. Есесіне, автокөлік жүргізушілерінің ілтипаты ерекше. Қағып кетпеуге тырысады. Қазақстанды бұрын жазық далалы жер деп ойлайтынмын. Табиғаты, мәдениеті кереметтігіне көзім жетті.
Зейнеткер саяхатшылар Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысу мүмкіндігі болмай тұрғанына өкінеді. Айтуларынша, виза мерзімі шектеулі. Жоспар бойынша Шымкентте 1 күн ғана аялдауы тиіс болған. Алайда, тарихи орындарға соқпай кету мүмкін болмағанын айтады.
Бернадетт Элеуэт, саяхатшы:
Шымкентте төртінші күн түнеуімізге тура келіп тұр. Біз Түркістан деген керемет жердің барын білмегенбіз. Кеше Ақмешіт әулиеге де бардық. Оның бәрі бізде жоспарланбаған. Шынында, керемет орындар көп екен.
Ерлі-зайыпты саяхатшылар 4 жыл ішінде жер шарын түгел аралап шығуды жоспарлап отыр.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Шайтанарбамен саяхаттаушы шетелдіктердің ендігі межесі - көне Тараз қаласы. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһарға арнайы аялдауды көздеп отырған топ жолай Бішкекке соғып, одан әрі Алматыдан Өскемен арқылы Маңғол жеріне беттемек.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ