Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 мыңға жуық ерікті тегін қызмет көрсетіп жатыр

AstanaTV
14.06.2017ж. 20:00
2618
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 мыңға жуық ерікті тегін қызмет көрсетіп жатыр

5 күн ішінде ЭКСПО көрмесіне 10 мың шетелдік келген. Бірақ бұл басы ғана, - дейді әкімдік өкілдері. Олар көрмеге адам лық толатын 17 күнді атады. Ол кезде түрлі мәдени шаралар өтеді деп жоспарланған. Соның ішінде Димаштың концерті де бар. Ал еріктілер жұмысы қауырт. Күніне жүздеген адамға қызмет көрсететін олармен Дәуренбек Бақдәулетұлы сұхбаттасып, бір күндік жұмыстарын көріп келді. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Welcome to EXPO - ЭКСПО-ға қош келдіңіздер! Жөн білмегендерге жөн сілтеп, тіл білмегендерге тікелей аударып беру - дәл осы еріктілердің міндеті. Олар мұнда жаңа дос тапқан. Тілдерін де әрмен қарай жетілдіруде. Жалпы жұмысымыз қызықты өтуде дейді.

"Жас келсе - іске" деген осы болса керек, ЭКСПО-ның алғашқы маусымында-ақ 1500 ерікті әр бекетке бөлініп, түрлі  құрылымдық қызметке барынша қолғабыс етіп жүр. Кейінгі 2 маусымға тағы 3 мың ерікті келетін болады. Жастар тегін жұмысқа жегілуін былай деп түсіндірді.

Аида Сыздықова, ерікті :

Жас бола тұра, еліміз үшін осындай маңызды көрмеден шет қалу үлкен кінә болып табылады. Меніңше, тек қана материалды құндылықтарды ғана емес, ішкі жан дүниеңді толтыратын бір үлкен құндылықтар болу керек деп ойлаймын.

Даниэль Райнжбар Меджкин, ерікті:

Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Басқа елдердің хал-ахуалын білуге мүмкіндік бар. Маған осы тұсы қатты ұнады.

Даниэль - Иран елінің тумасы. Осында келген 40-қа жуық шетелдік еріктінің бірі. Күніне тегін 3 мәрте тамақтанады, жәйлі жатақханаға орналасқан. Екі ауысыммен жұмыс істейтін еріктілер бос уақытында өздері қалаған іспен айналысады. Арасында арнайы жоба дайындап жатқандары да бар.

Еркебұлан Нұғманов, Студенттер үйі дирекциясының директоры:

Қазір осы жатақханада 500-ге жуық ерікті тұрып жатыр. Тәртібі жақсы. Сменасына байланысты біреу ерте келсе, біреуі кеш кетіп жатады. Шаршап келеді, тәртіп бұзушылық жоқ.

Еріктілер тек қана ЭКСПО аумағында емес, әуежай, теміржол вокзалдарында, сондай-ақ полицейлермен бірге рейдтік тексерістерде де жүр. Олар телефон арқылы да қызмет етеді.  Көбіне адасып кеткендері телефон шалып, жөн сұрайды екен.