Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы әкімдігінде төбелес болды. Соққыға жығылған күзетші комада жатыр. Полиция дерегінше, күдікті қамауға алынған. Күзетші қасына екі жігіт пен бір әйелді шақырып алып, әкімдік ғимаратында ішімдік ішкен. Кейін көңілді отырыстың соңы ұрыс-керіске жалғасады. Келгендердің бірі күзетшіні есінен танғанша сабап, ғимараттың сыртына тастап кеткен. Таңға дейін далада ес-түссіз жатқан жәбірленушінің жағдайы ауыр болғасын, санавиациямен облыс орталығына жеткізіліп, операция жасалды. Қазір осы оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
НҰРЖАН ҚУАНҒАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
1981 жылы туған ер адамға қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Сырым ауданының полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің барлығы анықталып, жауап алынды. Қылмыстық істің тергелу барысы бақылауда.