Тележүргізуші Руслан Өтепбай психотерапевт Санжар Тұрсынметовпен бірге Таразға арнайы барып, бұрын құлдықта болған Құндыз бен Назгүлдің қазіргі жағдайын білді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті оқырман, соңғы күндері қос қыздың жағдайы бәріңізді алаңдатып қойғанын білемін. Сондықтан күні кеше психотерапевт Санжар Тұрсынметовпен бірге Таразға барып қайттық. Бастысы, апалы-сіңілі қыздардың қазіргі жағдайы бір қалыпты. Тек Құндыз дәрілерін уақытылы ішпегендіктен, дәлірек айтсам, Алматыдан Таразға қоныс аударғалы мүлдем ішпегендіктен, денсаулығы сыр берген. Дәрігер Санжар Тұрсынметов қыздардың жағдайымен жақынырақ танысып, қазіргі қамқоршылары Зульфия ханымға орындалуы тиіс медициналық шараларды түсіндіріп берді», – деп жазды тележүргізуші.
Сонымен қатар, ол қыздарды Алматыға қайта алып келе алмайтынын, себебі заңды түрде олардың қамқоршысы еместігін түсіндірді.
«Мен бұрынғыдай қыздарды Алматыға әкеліп, жанымда ұстай алмаймын. Себебі олардың заңды қамқоршысы емеспін. Ал заңға қарсы шығу – қылмыс. Тек Зульфия ханым қамқоршылықтан бас тартқан жағдайда ғана, апалы-сіңілі қыздардың қамқоршысы бола аламын. Дегенмен бұл қыздардың жағдайын бақылап, хал сұрасып тұруыма кедергі емес. Әр айда бір рет барып қыздардың жағдайынан хабар алып тұрамын. Менен бөлек мемлекет, яғни Тараз қаласының қорғаншы және қамқоршы өкілі де қыздарды өз бақылауына алады», - деді Руслан Өтепбай.
Осыған дейін құлдықта болған қыздардың бірінің талмасы ұстаған видео тараған еді.