$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Дуатлон жарысына 300-ге жуық кәсіпқой және әуесқой спортшылар қатысты

AstanaTV
19.06.2017ж. 20:00
2989
Дуатлон жарысына 300-ге жуық кәсіпқой және әуесқой спортшылар қатысты

«Астана Моторс» компаниясының 25 жылдығына орай Алматыда дуатлоннан жарыс өтті. Мұндай сайыс шахарда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Жас ерекшеліктеріне сәйкес 3 топқа бөлінген қатысушылар алдымен жүгіруден бақ сынады. Ізінше велосипедке отырып шапшаңдықтарын паш етті. Жарысқа қатысқандардың бағындырған қашықтығы 22 шақырымды құрады. Жалпы жүлде қорына тігілген қомақты сыйақы жеңімпаздарға теңдей үлестірілді.

Дуатлон 3 түрлі сайысты қамтитын триатлонға ұқсас. Соңғысында спортшылар алдымен суда жүзіп, сосын велосипедпен жарысып, соңында жүгіреді. Ал, дуатлонда жүзу жоқ. Алдымен жүгіру, екінші кезеңде велосипедпен жарысу, сосын қайта жүгірумен сайысты қорытындылайсың. «Астана Моторс» компаниясы ұйымдастырған дода да 300-ге жуық кәсіпқой және әуесқой спортшы 22 шақырымды бағындыруға барын салды.

Нұрлан Смағұлов, «Астана  Моторс» компаниясының президенті :

Біз бұл доданы қалада бұқаралық спортты дамыту үшін ұйымдастырып отырмыз. Жастарымыз денсаулыққа пайдалы спорт түрлерін таңдаса деген ниетіміз бар. Бұдан бөлек мәдени бағыттағы түрлі шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Қызықты көрмелер мен қайырымдылық істерді қолға аламыз. Сондай-ақ жуырда мүмкіндігі шектеулі балаларды «Экспоны» көруге апармақпыз. Биылғы жыл біздің компания үшін мерейтой жылы. Сондықтан оны кең көлемде атап өтпекпіз.

Әрине, жеңіс оңай келмеді. Қатысушылар алдымен 4 шақырымға жүгірді. Сосын велосипедпен 14 шақырым жолды артқа тастады. Шешуші кезеңде тағы 4  шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Екі сайыс қорытындысы бойынша Алмас Рахымбаев, Сергей Тулапин, Нұратдин Юсупов пен Ербол Қасымқановқа тең келетін жан табылмады. Әйелдер де ерлерден осалдық танытпады. Сайыстың жалпы жүлдеқоры - 1 миллион 920 мың теңге.

Ербол Қасымқанов, жеңімпаз:

Мен үнемі  жаттығу  үстінде жүремін. Маған қиынға соққаны велосипедке отыру болды. Одан дайындығым аз болды. Бірақ осы жарыстың арқасында екі күн бұрын шосселік  велосипед сатып алып,  бала күнімде жинаған тәжірибемді іске қостым. Ал, жүгіру - менің хоббиім. Соның арқасында жеңіске жеттім. Шараны ұйымдастырған  «Астана Моторс» компаниясына алғыс білдіреміз.

Дуатлон жарысы «Астана Моторс» компаниясының  25 жылдығына арналды. Мерейтой аясында  компания ұжымы алдағы уақытта  бірнеше әлеуметтік және қайырымдылық  іс - шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Айгүл ЕРМАХАН