$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Маса оралдықтардың мазасын қашырды

AstanaTV
22.06.2017ж. 20:00
3633
Маса оралдықтардың мазасын қашырды

Мазаны қашырған маса. Оралдықтар қансорғыш жәндіктерден мезі болған. Маса мен шіркей үй жануарларына да қырғидай тиюде. Соның кесірінен облыстың шалғай ауылдарында иттер мен тауықтар өліп жатыр, - дейді тұрғындар. Ал жәндіктерді улайтын мекеме өкілдері тек қала аумағын  дәрілейді. Өйткені биыл ақша аз бөлінген.

Еркін Карин, тілші:

Оралды маса мен шыбын-шіркейден улау жұмыстары 16 сәуірде басталған. Облыс орталығы мен қала іргесіндегі елді мекендерде барлығы 600 гектар жер дәріленіпті. Араға ай салып, бұл алқап тағы да өңделген. Бірақ тұрғындар бұл іске миллиондап бөлінген қаражат текке кетті дейді.

Айболат Бөкенов, Орал қаласының тұрғыны:

Кішкентай балаларымыздың бет-аузының көретін жері жоқ. Улап жатырмыз. Жаңбыр шайып кетеді дейді. Оны уақытында улау керек қой. Міне, көріп тұрсыздар, бетіме қайта-қайта қонып жатыр.

Қалада әйтеуір улап жатыр ғой, ана жер-мына жерден, көз алдап болса да. Удың орнына су шашып жатыр ма, құдай біледі. Ауылда ол да жоқ. Адамдар ауламыздағы бағып-қағып жүрген тауықтарымыз өліп жатыр дейді бытыхананың кесірінен.

Мамандар маса мен шіркейдің көбеюіне ауа райының әсері бар екенін айтады. Күн құрғатпай жауатын жаңбыр химиялық дәріні шайып кететін көрінеді. Сондықтан шашылған удың уыты жоқ, дейді.

Мұрат Танкеев, «Дезинфекция» облыстық медицина мекемесінің директоры:

Біз улаған сайын масалар сырттан келіп жатыр. Сондықтан шашылған дәрінің күші жетпейді. Ал қала іргесіндегі саяжайларға кіре алмаймыз. Баратын жол жоқ. Егер ішке кірсек, дәрі шашатын генератордың қалбағайы ағаш бұталарына ілініп, қирап қалады.

Қазір қала маңы ғана дәріленіп жатыр. Биыл бұл іске 49 миллион теңге қарастырылғанымен, мердігер мекеме бұдан екі есе аз ақшаға улап беремін деп, тендерді ұтып алған. Ал ұшақпен әуеден у шашу мүмкін емес. Бұл үшін кемінде 300 миллион теңге керек екен.

Серікқали Қанапин, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Мемлекеттік сатып алу заңына сай, дәріленетін алқаптардың аумағын өздігімізден ұлғайта алмаймыз. Бұл - заңға қайшы. Қолымыздан келетіні - қайта дәрілеп шығу. Қала ішін уламаймыз. Өйткені улы препараттар адамға зиян, тек тоғай мен бақтарды, тоғандарды улаймыз. Қолда бар қаражатты жел генераторымен улауға жұмсадық.

Ал ауылдағы жағдай тіпті мүшкіл. Өйткені елді мекендер дәріленген емес. Облыстың оңтүстігіндегі Жаңақала ауданында ит пен тауықтар тұншығып өліп жатыр деген де ақпар тарады. Өйткені шіркейді улауға ақша бөлінбепті.

Еркін КАРИН