$523.2 €594.3 ₽6.38
×

8 жастағы ерекше бала марафондарды бағындырды

AstanaTV
09.04.2025ж. 11:17
283
8 жастағы ерекше бала марафондарды бағындырды
Фото: жеке мұрағаттан

​1 сыныпта оқитын Әлназар Әдісбек елордалық марафондардың белсенді қатысушысы. Бұл диагноздың зор мақсаттарға жетуге еш кедергі емес екенінің дәлелі. Рухы мықты бала осылайша көпке үлгі. Ол осыған дейін «Бірлік жүрісі», «Astana Run», «Charity Samruk Marathon», «Family Run», «Zengi Baba», «Run for Autism» және басқа да марафондарды бағындырды, деп хабарлайды Astana TV.

​Әлназар Астана қаласының №97 мектеп-гимназиясының бірінші сыныбында оқиды. Анасы Мария Айдарханованың айтуынша, мектепті іздеуде әбіргерге түскен. Себебі оқу орындарының барлығында бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар жасалмаған. Алайда Әлназар өткен жылы өзі қатысқан «Charity Samruk Marathon» қайырымдылық жарысынан түскен қаражатқа жабдықталған инклюзия кабинеті бар мектептің оқушысы атанды. Аталмыш жүгіру шарасында 127 миллион теңге жиналып, Астананың 5 мектебінде жаңа форматтағы инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Осылайша Әлназар баршамен бірге ерекше балалардың болашағына үлес қосып, бүгінде қатарластарымен мектепке барып жүр.

​Оқушы тек жүгірумен ғана емес, жүзу, коньки тебумен айналысады. Бұл сенсорлық жүктемені жеңілдетуге, моториканы дамытуға және әлеуметтенуіне ықпал етеді. Инклюзия кабинетінде жеке емдік дене шынықтыру сыныбында айналысып, сонымен қатар дефектолог, логопед, психологпен жұмыс істейді. Анасы Марияның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерінде мұндай кабинеттердің ашылуы ерекше балаларға қолдау мен олардың өміріндегі оң өзгерістерге үлкен мүмкіндік. Биыл Мария мен Альназар 3 мамырда Ботаникалық бақта өтетін «Charity Samruk Marathon» тағы да қатысуға ниетті. Қайырымдылық марафонында жиналған қаражат елордалық мектептерде жаңа инклюзия кабинеттерін ашуға бағытталады. «Инклюзия ол - қоғамды кезеңдеп, байыппен өзгерту, диагнозы бар балалар туралы адамдардың пікірін өзгерту», - дейді Мария.

​Айта кетейік, марафонды ұйымдастырушы - «Самұрық-Қазына» қоры Астанада 5 инклюзия кабинетінен бөлек, тағы да 6 сыныпты жабдықтады. Соның арқасында 500-ден астам ерекше оқушы инклюзивті біліммен қамтылып отыр.