Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралда алимент төлемейтіндер азайып келеді

AstanaTV
23.06.2017ж. 20:00
3451
Оралда алимент төлемейтіндер азайып келеді

Оралда алимент төлемейтіндер азайып келеді. Талапқа көнбегендердің дүние-мүлкі тәркіленіп, тіпті қамауға да алынған. Осындай қатаң шаралардың арқасында тасбауыр ата-аналардан 126 млн теңге өндіріліпті. Бірақ қарызы қордаланып, берешегі 3-4 миллион теңгеге дейін жеткен борышкерлер де бар. Олардан тиесілі қаржыны қалай өндіруге болады? Еркін Карин тарқатады 

Еркін Карин, тілші:

Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушылардың қарауындағы алимент дауы 5 мыңнан асады. Бір тәуірі - перзенті алдындағы берешегін өтеуден қашатындар саны жыл санап азайып келеді. Жараспаған жұбайларды жазалаудан гөрі, оларды келістіріп, бітімгерлікке бет бұрдық, дейді мамандар. Осының арқасында ажырасқан ерлі-зайыптылардың 500-дейі қайта татуласып, төленбеген қарызын кешірген. Бірақ алимент төлеуден жалтарғандар да жетіп артылады.

Бауыржан Ахметжан, БҚО прокурорының аға көмекшісі:

Төлемей жалтақтап қашып жүрген азаматтардың барлығын да прокурорлардың базасымен тексеріп қарап отырып, олардың мүліктері болса, оның ішінде жылжымайтын мүлігі бар, автокөлігі бар, солардың барлығына біз тыйым қойып, сот арқылы санкциясын алып, біз оның барлығын да шектеуге тырысамыз. Қамаймыз деп ескерткен кезде олар бірден өздерінің алименттерін төлей бастайды.

Алимент төлемейтіндердің сылтауы сан алуан. Сот орындаушыларының сөзінше, олaрдың көбінің ақшасы болғанымен, ниеті жоқ. Жаңа отбасын құрғасын, туған баласынан да суып кетеді дейді мамандар. Аймақ бойынша жалпы алимент қарызы 7 миллион теңгеге жеткен. Тіпті бір борышкердің берешегі 4 миллион теңгені құрайды екен. «Қара тізімге» енгізілген тасбауыр әкелердің шекарадан шығуына тыйым салынады. Мамандар дүние-мүлкін өзгенің атына жазып, заңды айналып өтпек болғандардың жолын кесудің жаңа амалын тауыпты.

Жандос Саматов, БҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының төрағасы:

Жеке сот орындаушысы сотқа борышкердің жүргізуші куәлігін тоқтату туралы қаулысын сотқа жібере алады. Борышкерлердің жүргізуші куәліктері енді тоқтатылып, әкімшілік полициямен алады.

Әйелімен дәм-тұзы жараспай, ақыры ажырасып тынған Асылбектің қарызы 600 мыңға жетіпті. Жұмыссыз жүргесін жалғыз ұлына алимент төлей алмай отыр. Енді онымен жеке сот орындаушылары айналысып жатыр.

Асылбек Айтошев, Орал қаласының тұрғыны, борышкер:

Жолдасыма да түсіндіріп айтып жатырмын, күн сайын барып тұрам. Хабарласып тұрамын. Қашып жұрген жоқпын, азын-шоғын калым болған кезде жолдасым мен балама азық алып беріп, солай көмек етіп жүрмін. Бірақ төлейтін әзірге жағдайым жоқ.

Сот шешімімен борышкердің табысының бір бөлігі алимент үшін ұсталады. Бала саны көп болған сайын, ақша да көбейе береді. Aл жұмыссыз болса, ортaшa aйлық жaлaқы мөлшері есепке алынады. Мұндай азаматтарға көмек ретінде Оралда екі рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бірақ тек 6 адам жұмысқа орналасқан, 36-сы жұмыссыз жүр.

Еркін КАРИН