$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Қытай АҚШ тауарларына баж салығын 125%-ға дейін арттырды: сауда соғысы күшейе түсті

AstanaTV
11.04.2025ж. 17:50
137
Қытай АҚШ тауарларына баж салығын 125%-ға дейін арттырды: сауда соғысы күшейе түсті
Фото: istockphoto.com

Қытай 2025 жылғы 12 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін барлық тауарларға салынатын кедендік баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін арттыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Бұл шешім Euronews таратқан ақпаратқа сәйкес, АҚШ-тың Қытай импортына қойған «кері тарифтеріне» тікелей жауап болып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Бейжің өз тарапынан баж салығын көтеруге ниетті емес екенін мәлімдеген еді. Алайда жағдай өзгерді.

Қытайдың Қаржы министрлігі мәлімдеме жасап, АҚШ тарапынан қойылған жоғары тарифтердің ешқандай экономикалық мәні жоқ екенін жеткізді.

«АҚШ тарифтерді одан әрі арттырса да, оның мағынасы болмайды. Бұл қадам тарихта экономикалық анекдот ретінде ғана қалуы мүмкін. Қазіргі жағдайда Қытай нарығы америкалық өнімдерді қабылдай алмайды. АҚШ ойын жалғастырса, біз оны елемейміз. Алайда нақты зиян келтіретін болса, Қытай шешімді түрде жауап береді», – делінген ресми хабарламада.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь да жағдайға қатысты пікір білдіріп, Бейжіңнің ұстанымын нақтылады:

«Біз сауда текетіресін қаламаймыз. Бірақ қорықпаймыз. Егер АҚШ шынымен диалог орнатқысы келсе, онда қысым мен ойланбай жасалған әрекеттерді доғару керек. Мұндай амалдар бізге әсер етпейді», – деді ол.