$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Қызылордалық тұрғындар коммуналдық инфақұрылымнан қағылып отырғанын айтып ашулы

Қызылордалық тұрғындар коммуналдық инфақұрылымнан қағылып отырғанын айтып ашулы

«Қалада  тұрып, картаға енбей қалғанбыз» дейді  Қызылорда қаласындағы Беркехан тұйығының тұрғындары. Көшеге асфальт төселмеген. Ауыз суды, жарық пен газды өз күштерімен тартып алыпты. Жұрт бұл мәселелерді  2014 жылдан бері  шеше алмай келеді.

Жылу маусымы аяқталғанша тұрғындар жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі жылу құбырлары тұрғын үйлердің арасымен тартылғандықтан қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Ал ауызсудың қысымы өте төмен дейді. Оны да 2000 жылдары өздері тартқан. Сол уақытта жүргізілген  электр жарығының жайы да сен тимесең, мен тиме деген күйде.

ШОЛПАН БАЛМАҒАНБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз бәріміз 500-600 мыңнан шығарып әр жерден газ тартып алып жатырмыз, әр жерден свет тартып алып жатырмыз. +светтің барлығы 200 квт ар жағтан тартылғандар. Біресе өшіп қалады, біресі жанбай қалады.  Жол қисық-мисық. Қанша топырақ төксек те жер астына кетіп қалып жатыр.


Тұрғындар бірнеше жылдан бері әкімшіліктің табалдырығын тоздырдық дейді. Жауапты бөлімдерге арызды жазбаша түрде де жолдаған. Бірақ  «келесі жылғы бюджеттен қаралады» деген жауаптан жауыр болғандарын айтады.

ҚАСКЕРІМ СЕЙДЕКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Биыл қатырамыз, істеп береміз  деп қазір 2014-тен бері айтып жүр. Кеше де келіп кетті былтыр 24 жылы. Әлі істелген жоқ. Тойдық уәдесіне. Көршілерден алып отырмыз арғы беттен центральный көшеден суды да, газды да, светті де бәрін де.


Биыл қалада 34 учаскені газдандыру жоспарланған. Ол  мамыр айында  басталып, келесі жылу маусымына дейін аяқталмақ. Бұл тізімге Беркехан көшесі  енгізілді дейді жауаптылар. Оған   330 млн теңге қаралып отыр. Ал электр жүйелерін жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы күтіп отырғандарын айтты.

ЖЕҢІСБЕК ФАЙЗУЛЛАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

1,5 млрд теңге тұратын жоба әзірленген қаладағы шетаймақтардағы көшелерге. Енді 2025 жылы республикалық бюджттен қаржыландыруға ұсындық. Ол нақтылану мамыр айында қаралған. Егер мамыр айында қаржы бөлінетін болса биыл жүргізіледі. Қала бойынша ауызсу желілеріне жаңартылатын, реконскрукциядан өтетін учаскілердің барлығына жобамыз дайын. Бұл жобада да Беркехан көшесі бар.


Беркехан – тұйықталған шағын көше. Сондықтан мұндағы мәселелер жылдар бойы қордаланып, жауаптылардың көзінен таса қалған.