Дін көшбасшыларының күш-жігерін біріктіру және рухани дипломатияның әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» атты форумда айтты. Онда қатысушылар өзара іс-қимылды нығайту және адамзатты алаңдатып отырған өзекті проблемаларды еңсеру тәсілдерін жетілдіру мәселесін көтерді. Әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты өзара сенімді нығайтудың жаңа тәсілдеріне деген қажеттілік арта түскені айтылды. Бұдан өзге, Мәулен Әшімбаев дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасарымен кездесті. Онда тараптар қазіргі сын-қатерлерге назар аударып, оларды еңсеру жолдарын талқылады. Сондай-ақ олар түрлі бағыттарда өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде пікір алмасты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Осы мақсатпен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы бастама көтерді. Бұл жерде де дін көшбасшылары айрықша рөл атқаруы тиіс екені анық.