Шымкенттегі №9 лицей өкілдері А4 форматындағы қағазды 90 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Мектеп әкімшілігі лицейге артығымен жететін 2-3 мың дана емес, 45 мың бума ақ қағаз сатып алуды жоспарлаған. Дегенмен қаладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұны заңсыз деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, заңбұзушылыққа жол берген басқа білім беру мекемелерінің арасында биология кабинетін жабдықтауға және коммуналдық қызметтерге 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлағандар да бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Жандос Бекасанов Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімдігі мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітіп, соған сәйкес 759 миллион теңгеге асфальт сатып алмақ болғанын мәлімдеді.
"Жалпы, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының арқасында 4 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды", – делінген департамент хабарламасында.
Департаменттің бастамасымен бес мемлекеттік ұйымның лауазымды тұлғаға бюджеттік және қаржылық жоспарларға сәйкес келмейтін сомаға мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына қол қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15 айлық есептік көрсеткіш (58 980 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.