Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шымкентте мұнай қоймасындағы өрттен қаза тапқан азаматтың отбасына 1 млн теңге беріледі

AstanaTV
26.06.2017ж. 20:00
3008
Шымкентте мұнай қоймасындағы өрттен қаза тапқан азаматтың отбасына 1 млн теңге беріледі

«Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-ның ұжымы қайтыс болған жұмыскерінің отбасына 1 млн теңге өтемақы бермекші. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне берген сұхбатында мекеменің заңгері айтты. Жұмада тұтанған алапат өртті ауыздықтау кезінде 5 өрт сөндіруші де зардап шеккен. Оларға дереу медициналық көмек көрсетілген. Апатқа не себеп, қоршаған ортаға келген зиян қандай? Айзада Төребекқызы анықтап көрді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қызмет бабында бақилық болған азамат «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-да наурыз айынан бері еңбек етіп келген. Марқұмның артында әйелі мен 4 баласы қалыпты.

Ол мекемеде мұнай өнімдерін қабылдау, босату жөніндегі оператор қызметін атқарып келген. «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-ны өкілінің мәліметінше, 1 млн теңгеден бөлек, оның қырық күндік асын өткізуге де қаражат беріледі.

Берік Серкінбаев, «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ заңгері:

Ұжымдық келісімшартқа сәйкес, бізде бір реттік жәрдемақы қарастыру қаралған, қызмет бабында қайтыс болған жағдайда. Ол 10 айлық еңбекақысы көлемінде. Шамамен 1 млн теңге. Одан бөлек  қырқына деп  200 мың теңге бөлгелі отырмыз. Сондай-ақ, марқұмның отбасы мүшелерінен кәмелет жасына толған бір азаматты жұмысқа қабылдау туралы бас директордың ұсынысы бар. Яғни отбасы асыраушысынан айрылуына байланысты.

Жұмысшының өмірі де сақтандырылыпты. Енді марқұмның отбасына сақтандыру компаниясы да өтемақы төлейтін болады.

Берік Серкінбаев, «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ заңгері:

Сақтандыру келесімшартына сәйкес, біз сақтандыру компаниясына болған жағдайды сол күні-ақ хабарладық, жұмыс бабында қызметкеріміздің қайтыс болуына байланысты. Сол сақтандыру компаниясымен жұмыс істеліп жатыр. Отбасы мүшелеріне нақты қанша өтемақы берілетіні есептеліп жатыр.

Еске салайық, өткен жұмада таңғы сегіздер шамасында мұнай базасында ірі өрт шықты. Жалынмен өрт сөндіру қызметінің мамандары бір тәулікке жуық уақыт арпалысты. От тұтанған жерде 3 мың тонналық 9 резервуардың төртеуі АИ- 92 және АИ-96 маркілі бензинге толы болған. Мамандар өрттің бетін оларға жеткізбей қайтарды. Алайда, тілсіз жаудың шығу себебі әлі анықталмаған.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласының  ТЖБ бастығы:

Өрттің себебі өрт зерттеу зертханасымен қазіргі таңда анықталуда. Ешқандай болжам қазіргі таңда жоқ. Сонымен қатар материалдық шығын да анықталуда. Себебі мен материалдық шығын қазіргі таңда анықталуда. Ешқандай мына өрт неден шыққаны туралы бізде болжам жоқ қазіргі таңда.

Айзада Төребекқызы:

Қазір оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Айта өтейін, облыстық экология департаменті мамандары да осы жерде ертеңнен бастап жоспардан тыс тексеруді бастамақ. Яғни 1400 текше метр жанармайдың өртенуіне байланысты  қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшерін анықтайтын болады. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ