"Ұлттық кітап күні" аясында игі бастама қолға алынды. Бүгіннен бастап әр азамат Электронды үкіметтің ресми сайтында өзіне ұнайтын 10 отандық шығармаға таңдау жасай алады. Көпшіліктің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында отандық авторлардың 100 таңдаулы шығармасы айқындалмақ.
Төл әдебиетіміздегі 100 танымал шығарманы айқындау мақсатында жалпыұлттық сауалнама басталды. Еліміздің әдеби мұрасын сақтап, жазушыларымыздың шығармаларын дәріптеу мақсатында бастау алған игі іс 3 айға созылып, «Абай күні» қарсаңында іріктелген жүздік жарияланады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл бастама кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады дейді. Сауалнамаға қатысу өте оңай. eGov.kz сайтында арнайы бөлім ашылады. Әрбір ниет білдірген азамат сол парақшада 10 кітапқа дейін таңдау жасай алады. Шығарманың жанрында шектеу жоқ. Бірақ туындының авторы қазақстандық болуы міндетті. Бүгіннен бастап еліміздің қалаларында дауыс беру парақшасына өтуге мүмкіндік беретін QR-код бейнеленген баннерлер орнатыла бастайды.
МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз Абайдан бастап 100 кітап шығаратын болсақ, оның ішінде жастар да болуы мүмкін, ешкім білмейтін авторлар да болуы мүмкін. Сондықтан бұл өте жақсы бастама. 3 айдың ішінде осының бәрі іріктеліп шықса, 100 авторды таңдап алсақ, онда қазақ біраз жерге жетті деген сөз.
Жұртшылықтың қызығушылығын арттыру үшін жобаның серіктесі «Меломан-MARWIN» дүкендер желісі ынталандыру сыйлықтарын ұсынады. Жауаптылар бұл бастаманың баспаханаларға да пайдасы тиеріне сенімді.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жалпы елде кітап оқу мәдениетін жасақтауға, құрастыруға үлкен сұраныс, талпыныс бар. Енді осының инфрақұрылымын қамтамасыз етуіміз керек, экожүйесін дейміз ғой. Соның біреуі рейтингтер. Өйткені бұл нарыққа да жақсы сигнал. Болашақта баспагерлер осыған қарап мына кітап сұранысқа ие екен, мына кітап өткен жылы шығып еді, мына кітап осыдан 10 жыл бұрын шығып еді, біз осыны алдағы жылы шығарайық дегендей, баспагерлерге жақсы құрал.
«100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы кітап оқу мәдениетін нығайту жолындағы жаңа қадам болмақ. Сондай-ақ ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және қазақ әдебиетінің рөлін күшейтуге септігін тигізеді. Айта кетейік, бұл жоба Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.