$518.34 €591.06 ₽6.27
×

"Қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр", - Президент

AstanaTV
24.04.2025ж. 12:19
102
"Қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр", - Президент
Фото: Ақорда

Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осылай деді, - деп хабарлайды Astana TV.

Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр.

Қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақстаннан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды. 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшті. Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз – бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады, - деді Президент.

«Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылған. «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Қоныстас адамдар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан араласып, құраласып жатады. Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән береді.

Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше. Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз, - деді Президент.

Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз. Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз.