Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің Astana AI Film Festival халықаралық байқауы өтіп жатыр. Әлемнің 125 елінен түскен 8 мыңнан астам өтінімнің ішінен үздік шыққан 25 туынды елордадағы үлкен экранда көрсетілуде. Жалпы қоры 2 миллион доллар болатын ауқымды шараның жай-жапсарын әріптесім айтып береді.
Үш күнге созылатын фестивальдің алғашқы күні жабық көрсетілімнен басталды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға түскен барлық туындылардың жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асқан. 19 түрлі жанрды қамтитын туындыларды әзірлеу кезінде авторлар 80-нен астам генеративті модельді қолданыпты. Бұл жоба - еліміздегі креативті индустрия мен жаңа технологияларды тоғыстырған бірегей алаң.
АЙЗАТ ҚҰСАЙЫНОВ, AAIFF ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ, КРЕАТИВТІ ДИРЕКТОРЫ:
Мен бұл жұмыстарды көргенде қатты таңғалдым. Киноиндустрияның шынымен де өзгеретінін түсіндім. Жаңа технологиялар қазірдің өзінде толыққанды фильмдер түсіруге мүмкіндік береді. Оның жасанды интеллект пе, жоқ па екенін ажырату тіпті мүмкін емес. Бұрын біз ылғи Голливуд немесе Еуропа фильмдерін тамашалайтынбыз, барлық бағыт Батыстан келетін. Ал қазір бүкіл әлемнің хикаяларын көріп отырмыз.
Кино сүйер қауым АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан режиссерлерінің туындыларын 2 және 3 қазан күндері елордадағы кинотеатрлардан тамашалай алады. Билеттер арнайы онлайн-сервистер мен мобильді қосымшалар арқылы сатылымға шықты. Ал финалистердің шеберлігін ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле бастаған халықаралық сарапшылар мен инвесторлар бағалайды.
АЛМАЗ ЖАЛИ, AAIFF ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ, КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:
Бізден екі қазақстандық жігіттердің туындылары байқауға қатысып жатыр. Жұмыстары жақсы, олар бізге келген қонақтармен бәсекеге түсе алатындай деңгейде. Жюридің басшысы - Одри Азуле. Қытайдан келді, China Film Group компаниясының өкілдері келіп, 125 елден қатысушылар болды. Біз оның ішінен 25 жұмысты іріктеп алдық.
Ауқымды жоба халықаралық технологиялық форумдар аясында өтуде. Жүлде қоры мен инвестициялық қаржы отандық өндіріс пен жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталады. Жеңімпаздардың есімі 3 қазан күні белгілі болады.