$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Саяжай тұрғындары өтемақы көлемімен келіспей отыр

AstanaTV
29.06.2017ж. 20:00
2881
Саяжай тұрғындары өтемақы көлемімен келіспей отыр

Астанада «Нұрлы жол» вокзалының бойындағы саяжайдың орнына жаңа жол салынады. Орамшілік жолдар Байтұрсынов және Нажимеденов көшелер мен 41, 42 көшелерін жалғайтын болады. Алайда, саяжай тұрғындары жерді босатуға қарсы. Тұрғындардың наразылығын тілшіміз тыңдап қайтты.

Мына қаңырап тұрған саяжайларда бұрын 400 отбасы болса, қазір 3 жанұя тұрады. Солардың бірі - Гүлфайруз Дәулетова. Бес баланың анасы, жолдасы 3-ші топтағы мүгедек.  2014 жылы оңтүстіктен көшіп келген. Сол кезде саяжайды 1, 5 миллион теңгеге сатып алып, үй-жайын түзеген. Әкімдік берген өтемақыға көңілі толмаған ол бұл ақшамен далада қалам деп отыр.

Гүлфайруз Дәулетова, көп балалы ана:

Ол 3 млн 870 мыңға жер алам ба, үй алам ба, мен жер алсам, қаланың сыртынан ғана алам. Ал қаланың сыртынан алсам, үйімді сала алмаймын бес баламмен, енді соны қаншама рет айтып түсіндірсем де, түсінбейді ол кісілер. Бес баламмен қайда барам?

Қаңыраған саяжайдың басқа да тұрғындары өтемақыны азсынып отыр. Олардың құқын қорғап жүрген заңгер бағалау дұрыс жүргізілмеді дейді.

Ләззат Камзе, заңгер:

Заң бойынша күштеп шығару кезінде мемлекет міндетті түрде бұл адамдарға балама тұрғын үй қарастыру қажет. Осы жағдайда мемлекет бұл тұрғындардың құқықтарын толық қорғауға міндетті. Қазіргі жағдайда саяжайдағы үйге тиісті өтемақыны дұрыс бағаламай отыр. Бұл мәселеге қатысты билік тарапынан барлық жағынан заң бұзушылық орын алып тұр.

Бірақ жергілікті билік өкілі барлығы заңды деп мәлімдеді. Соттың шешімімен оларға өтемақыны төлеп те қойыпты. Тіпті қала іргесіндегі Жібек жолы ауылынан 6 сотық жер де ұсынған. Тұрғындар бұған да көнбесе керек. Сондықтан жерді күштеп босату туралы сотқа арыз жіберген. Өйткені жол құрылысы басталуы тиіс. 

Александр Строчков, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры:

Айтып отырған жерде қазір он адам тұрады. Олар ол жердің меншік иесі емес, меншік иесі - мемлекет. Аймқанов атты азамат бұл саяжайды уақытша бау-бақша жұмыстар үшін мемлекеттен жалға алған, ал аталған тұрғындар осы азаматтың сенімді тұлғалары болып келеді.

Дегенмен, тұрғындар дегендерінен қайтпай отыр. Олар да өтемақы көлемімен келіспейтіндерін айтып, сотқа шағымданбақ.

Диана САПАРҚЫЗЫ