$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда вокзал маңайындағы ғимараттар сырылып, айнала абаттандырылмақ

AstanaTV
30.06.2017ж. 20:00
2848
Қызылжарда вокзал маңайындағы ғимараттар сырылып, айнала абаттандырылмақ

Петропавл вокзалы маңындағы кейбір ғимараттар сүріледі. Атқамінерлер вокзалы келбетін қалыпқа келтіруді көздеп отыр. Бұл жаңалықты естіген кәсіпкерлер бизнестері үшін алаңдай бастады. Жергілікті атқамінер оларға қандай ұсыныс жасап отыр, вокзал маңында қандай өзгеріс болады? Бұл сауалдарға әріптесім Абзал Құрманкин жауап іздеп көрді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шағын дәмхана, ақша айырбастайтын орын, жол билеттерін сататын касса. Шамамен 7 кәсіпкер кәсібінен айрылуы мүмкін. 

Олег Лактюшин вокзал жолаушыларын 20 жылдан бері тамақтандырып келеді. Кәсіпкер сапаржайдың дәл алдынан 150 шаршы метрді заңды түрде алғанын айтады. Артынша, несие алып, ғимаратты заман талабына сай етіп тұрғызған.

Олег Лактюшин, кәсіпкер:

Бұл жерде алдымен кішкентай дүңгіршек тұратын. Кейін әкімдік 2002 жылы бізге кеңеюге рұқсат берді. Енді әкімдік мына жерді сүріп тастамақ. Менде он адам жұмыс істейді. Оларды қайда жіберемін? Өзім 55 жастамын. Енді немен айналысарымды білмей отырмын.

Ал валюта айырбастау бекетінің иесі Александр Ланщиков өтемақыны алғанның өзінде қай салаға бет бұратынын білмей дал. Себебі вокзал маңайындағы барлық нысандар түрлі қызметке толы дейді.

Бізді вокзалға ешкім кіргізбейді. Ғимарат ресейліктердің иелігінде болған соң, олар жібермейді. Бірнеше рет қарекет жасап көргенбіз. Болмады. Ішінде 2 валюта айырбастау бекеті бар. Үшіншісін ашуға олар мүдделі емес.

Жер дауы вокзал алдындағы 4 ғимараттың төңірегінде туындап отыр. Бизнесмендердің айтуларынша, әкімдік ғимараттың құнын өтегенімен, тұрақты тұтынушыларды өзге жерге жетектеп апара алмайды. Сондықтан олар өздері ғимараттарының қасбетін әдемілеуге дайын екендіктерін білдіріп отыр. Тек сүруге қарсы.

Алайда, шенеуніктер кəсіпкерлердің бұл бастамасын құптамай отыр. Айтуларынша, бұл ғимараттар ескірген. Оның үстіне бұл қаланың бас жоспарына да қайшы. 

Жомарт Еркін, Петропавл қаласының әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Орталық шағын ауданының бас жоспарына сəйкес, вокзалдың алдында сауда орындары тұрмауы тиіс. Біз қазір темір жол вокзалын күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Вокзалдың алаңы негізгі ғимаратқа сай болуы керек. Поездан түскен жолаушылар вокзалға қарап, қаланы сынайды. Сондықтан қаланың кіреберісін қалыпқа келтіру керек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, жуық арада ғимараттарды бағалау жұмысы басталмақ. Ал жылдың аяғына дейін нысандар жермен жексен болуы мүмкін. Алайда, кәсіпкерлер оңай берілмеуге бекініп отыр. Олар бар талаптарын сот арқылы өндіріп алмақ.

А.ҚҰРМАНКИН