Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде тәртібі нашар оқушылар палаткалық лагерлерде демалып жатыр

AstanaTV
04.07.2017ж. 20:00
2612
Ақтөбеде тәртібі нашар оқушылар палаткалық лагерлерде демалып жатыр

Ақтөбеде тәртібі нашар оқушылар палаткалық лагерлерде демалып жатыр. Мамандар, құқық қорғау органдарында тіркеуде тұрған жеткіншектер үшін - бұл тамаша әдіс, дейді. Себебі олар көше кезіп бос жүрмейді, спорттық, әскери салаларға қызығушылығы артады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбе облысында тәртібі нашар 389 оқушы Ішкі істер органдарының есебінде тұр. Олардың барлығы биыл жазғы туристік-спорттық лагерлермен қамтылған. Ал, туристік лагердің басты талабының бірі - осындай палаткаларда түнеу және табиғатпен етене араласу.

Мұнда жазғы демалыс маусымының екінші кезеңі жақында ғана басталды. Қазір 10-мен 14 жас аралығындағы 40 бала дем алып жатыр. Олар 5 күн ішінде табиғат аясына шығады, туған өлкенің тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Лагерь ұжымы мұндай балалармен жұмыс істеу сәл қиындау екенін мойындайды.

Нұрбек Шүренбаев, балалар сауықтыру лагерінің басшысы:

Сәл қиындау. Болады ішінде. Оған қарамастан, біз балалармен сөйлсеміз, лагерде психологомыз бар жұмыс жасайтын, әр түрлі тренингтер өткіземіз. Сосын біз баланы немен алдаймыз? Біздер баланы туризм, бүкіл жерде емес, балаларға қызықты жіпке өрмелеу деген сияқты, бассейнде қайықпен жүзу, балалар соны үйренеді, қызықты болады.

Айдар лагерге Қарғалы ауылынан келген. Ол спорттық ойындарды жақсы көреді. Сондықтан бүгін кедергілерден өту сайысында ерекше белсенділік көрсетті. Жеткіншек қасындағы балалармен тату екенін, бұл жерде тәртіпсіздікке жол жоқ екенін айтады. 

Айдар Базарметов, оқушы:

Балалардың арасында келіспеушіліктер болған жоқ. Өйткені біздің «Батыр» шатырының балалары өте жақсы. Және де мен қазір бәріне үйреніп келе жатырмын. Енді маған кедергі болып тұрғаны туризмнің бір түрі, яғни бабочка. Арқанмен жүру.

Құқық қорғаушылар тәртібі нашар жеткіншектердің саны жыл өткен сайын азайып келе жатқанын айтады. Мұндай балалар көбіне ұсақ құқық бұзушылық пен ұрлық жасауға бейім келеді. Сондықтан лагерьде ювеналды полиция инспекторлары да жұмыс істейді.

Ләйлә Құрманбекова, Ақтөбе қалалық ІІБ ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы:

Мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерлерде біздің инспекторлар лекциялар өткізеді, әңгімелеседі. Таңертеңнен кешке дейін олар балалармен бірге.

Биыл облыс бойынша 112 мың бала жазғы демалыспен қамтылған. Оның 400-ге жуығы есепте тұрған «қиын» балалар. Бұл жұмыстарға облыстық білім басқармасынан 152 миллион теңге бөлінген.

Жақсыбек КЕМАЛ