Денсаулық
сақтау министрлігіндегі былық. Бүгін Фармация комитеті басшысының міндетін
атқарушыдан бастап, бірқатар лауазымды тұлға пара алғаны анықталды. Олар
фармкомпаниялардың мүддесін қорағағаны үшін былыққа белшесінен батқан.
Күдіктілер қамауға алынды. Бұл жайлы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұлттық
бюроның баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық бюро мәліметінше, 3 шілде күні жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы
сомасы 10 млн теңге көлемінде бірнеше рет пара алғаны үшін Денсаулық сақтау
министрлігі Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Л.Ю.Пакты, Павлодар
облысы бойынша фармация департаментінің басшысы З.Ш.Қажинованы, Оңтүстік
Қазақстан облысы бойынша фармация комитетінің бас маманы П.Т.Имамхожаевты,
Фармация комитетінің бас сарапшысы Д.К.Ибраевты ұстаған.
«Жоғарыда аталған
тұлғалар заңсыз сыйақыларды тиісті өндірістік және дистрибьюторлық тәжірибе
сертификаттарын бергені үшін алған. Сонымен қатар, «Зерде» ЖШС-ның атқарушы
директоры Э.М.Жүзбаева пара бергені үшін ұсталды. Бұдан өзге, аты аталған тұлғалар
пара алумен қоса, кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмек аясында
сатылып алынған медициналық дәрі-дәрмектердің бағасын арттыру жолымен бюджет
қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада. Сот
санкциясымен Пак, Қажинова, Имамхожаев және Жүзбаева қамауға, ал Ибраева - үй
қамаққа алынды.