$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында екі жыл бұрын су басқан мектеп әлі апатты күйде тұр

AstanaTV
11.07.2017ж. 20:00
4760
Қарағанды облысында екі жыл бұрын су басқан мектеп әлі апатты күйде тұр

Осыдан екі жыл тасқын су басқан Қарағанды облысындағы Қызылжар ауылындағы мектеп апатты жағдайда тұр. Ата-аналардың айтуынша, қабырғасы көгерген бөлмелерде отырған соң, балалары аурушаң болып кеткен. Сондықтан білім ошағын тез арада жөндеп беруді сұрап отыр. Айжан Қуаш мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

Екі жыл бұрын су алып кеткен Қызылжар ауылының мектебі адам көргісіз. Ғимарат түгелдей шіріп кеткен. 27 мұғалім мен 140 оқушы осы сыныптарда отырып келген.

Жанат Дүйсенбаева, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны:

Мінеки, мына грибок. Мына полдар шірік. Мынадан балаларымыздың өкпесі осындай болады. Балалардың мұрнынан қан кетеді, бас ауырады. Бізге бір жақсы мектеп істеп берсінші, Құдай Алладан сұраймын.

Ұстаздардың айтуынша, мектеп 2 жыл бұрын тасқын басқанда 4 күн бойы су астында тұрған. Сондықтан онсыз да ескі ғимараттың апатқа ұшырауы заңды еді,- дейді олар. Мектеп ұжымы осы күнге дейін еден мен төбенің шұрықтарын өз дері жамап келген. Бірақ ғимаратты бұдан былай ұсақ-түйек жөндеумен ұстап тұру мүмкін емес.

Айжан Қуаш, тілші:

Мектептің ескіргені сонша, өткен жылы нөсер жаңбырдан кейін бірнеше сыныптың төбесі құлап түскен. Оны жөндеймін деген жұмыскердің өзін көтере алмай опырылып кетіп, ол да мертігіп қалыпты. Соңғы үш жылда бұл мектепте жарақат алу үйреншікті жағдайға айналған.

Рыскелді Аманбек, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылының Киров орта мектебінің мұғалімі:

Еден ортасынан ойылып түсіп кетті де, бала бір аяғын жарақаттап алды. Біз білмейміз, мысалы, сабақта қай уақытта төбе ойылып ортасына түседі. Қыс бойы осы мектептің жұмысшылары әрбір жердегі едендерді өздерінің қолында бар материалмен жамап отырумен күн өтті.

Қарағанды облысында екі жыл бұрын 35 елді мекенде 380 үй суға кеткен болатын. Апаттың салдарын жоюға 4 млрд теңге бөлінген. Бұл сома баспаналарды қалпына келтіруге жұмсалып, мектептерге жетпей қалған. Қызылжар ауылының әкімі ашынған тұрғындарға күрделі жөндеуге қажетті қаражаттың жуық арада бөлінбейтінін ашып айтты.

Асқар Отыншиев, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылының әкімі:

Бұл проблема көтерілген. Аудан басшысы да, облыс әкімі де бәрі біледі. - Ал 1 бен 4 миницентр қайда оқиды? 1 жарым ай қалды. Қандай пландарыңыз бар? - Ол мен сіздерге айтайын, аз болсын, көп болсын, күтесіздер. Проектно-сметная документация жасалды. 112 млн шықты. Бұл ПСД гоэкспертизадан өтуі тиіс. Ол 1-1,5 айда болады. 

Мектептің биылғы оқу жылына дейін жөнделмейтіні анық. Ауыл әкімдігі балаларды 5 шақырым қашықтағы Ростовка ауылына автобуспен тасытып оқытпақшы.

Рыскелді Аманбек, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылының Киров орта мектебінің мұғалімі:

Өзім көрші ауылдан қатынап жұмыс істеймін. Бұл қала іші емес, боран, аязда жол жабылып қалады. Көлік жоқ. Менің өзіме қиын болғандықтан, бастауыш сынып, бүлдіршіндерге қиын болады.

Ата-аналар Қарағанды облысының жуырда тағайындалған жаңа әкімі Ерлан Қошановтан мәселені ертеңге қалдырмай, шешіп беруді сұрайды. Ауыл, аудан басшыларының құрғақ уәдесінен шаршаған тұрғындар «Нұр Отан» партиясына да арыз жолдамақ.