$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тараздағы көші-қон полициясы арқылы құжат рәсімдеген қандастар қиындық көріп отыр

AstanaTV
19.07.2017ж. 20:00
4285
Тараздағы көші-қон полициясы арқылы құжат рәсімдеген қандастар қиындық көріп отыр

Қытайдан қоныс аударған 250-ге тарта азамат сотты боламыз ба деп сары уайымға салынып отыр. Тараздағы көші-қон полициясы өкілдерінің дерегінше, олардың ықтияр хаты жарамсыз боп шыққан. Төлқұжат орнына жүретін қағаз кезінде заңсыз жасалған көрінеді. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтап, құжат бергендер қамауға алынған. Ал екі ортада құжатсыз қалған азаматтар қайда барарын білмейді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істері қаралып, өтірік мәлімет бергені үшін «Көші-қон полициясы Заңының» 49 бабы 10-шы бөлімі бойынша құжаттар жойылған. - Неге сіз ауыз жүзінде айтасыз, маған қағаз жүзінде бір нәрсе беріңіз. Неге біз бір жыл бойы пропискасыз жүрміз. Бұның өзі қылмыс емес пе? Неге енді қудаламайсыздар?

Ата жұртты аңсап келген азаматтар ықтияр хаттарының жарамсыз екенін екі жылдан кейін бір ақ естіп, есеңгіреп қалды. Бір жапырақ қағаз 2015 жылы Қытайдан келген кездерінде олардың Қазақстанда жүріп-тұруы үшін төл құжат есебінде берілген еді. Алматыдан Жамбылға асыға жеткен 4 азамат құжаттарының заңсыз екенін анықтама алу кезінде біледі.

Қанат Берікболұлы:

Бұдан бұрын айту керек еді маған. Қазір бұл кісінің айтуынша, біз Қытайға өте алмаймыз. Өйткені біздің ықтияр хатымыз жарамсыз боп қалды, тұрақты тіркеуіміз жоқ. Алдындағы визамен заңды түрде кеп алғанбыз. Енді бізге жарамсыз десе, біздің осы елде жүргеніміздің өзі қылмыскер боп саналамыз. Не Қытайға бара алмаймыз. Мен Қазақстанға азаматтық алайын деп келдім, мен Қытайға қайта кетейін деп келгенім жоқ. Азаматтық керек маған.

Аспан асты елінен ата жұртқа қоныс аударған жандар енді босқын болатын болдық деп жыларман күйде. Азаматтық алу былай тұрсын, аяқ астынан құжатсыз қалып отыр. Яғни берілген ықтияр хаттың күші жойылғандықтан, енді Қытайға барсақ, сотталамыз деп сары уайымға салынады. 

Бәдегүл Қажыбекқызы:

Қытайлар қабылдамайды. Олар заң шығарып қойған: өз еркімен біздің рұқсатымсыз азаматтық алмайсың деп. Бұлар барса, төтелей олардың құрбандығы, сотталу керек. Құжатсыз бір күнде жүре алмайды. Қытайға бара алмайды да, бұлардың тағдыры босқын немесе, түрме жағалаумен өтеді.

Амалы таусылған жандар Тараздағы көші-қон полициясына базынасын жеткізбек болды.  Жалпы, мұнда 250 адамның ықтияр хаты жарамсыз екені анықталған. Олардың көпшілігі бұл жағдайдан әлі де бейхабар көрінеді. Қазір осы іске қатысы бар деген күдікпен қалалық көші-қон полициясы басқармасының басшысы бірнеше инспекторымен қоса тұтқындалған.

Бекзат Досыбаев, Жамбыл облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы:

Енді бұның бәрі 1-2 күнде біте салатын мәселе емес. Нақты қазір ештеме айта алмаймын. Сол қызметтік тексеріс жүргізіледі. Қазіргі таңда сол заңсыз берілгендігі үшін, ішкі істер органдарының қызметкерлері істі болып жатыр ғой. Сондықтан да сол кісілердің кінәсі десек те болады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Енді шекара асып, шетелден келген 250 адамның болашағы не болмақ? Олар санда бар да, санатта жоқ. Көші-қон полициясының кесірінен сау бастарына сауға сұрауға мәжбүр. Қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр. Енді ықтияр хаттың жалған жасалғаны су бетіне шықса, онда заң бойынша үш жүзге жуық қандас елден қуылуы әбден мүмкін. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ