Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Михаил Кукушкин Қазақстандағы Президент кубогын еншілей алмады

AstanaTV
24.07.2017ж. 20:00
2380
Михаил Кукушкин Қазақстандағы Президент кубогын еншілей алмады

Михаил Кукушкин Қазақстандағы Президент Кубогын еншілей алмады. Еліміздің үздік ракеткасы ақтық сынға дейін жетіп, финалда Егор Герасимовке есе жіберіп қойды. Жарыс басында Белоруссия спортшысы Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір теннисшісін ойсырата жеңген болатын. Бір қызығы, спортшылар дәл осындай жарыста бұрын да тоғысқан еді. 3 жыл бұрын Герасимов ширек финалда 3 сеттің қорытындысы бойынша оқ бойы оза шықты. Қаншама уақыт өткенімен, жағдай өзгермеген сыңайлы. Ойынның бірінші кезеңі ұзаққа созылып, тай-брейкпен аяқталды. Екінші сетте ұпай саны бойынша Кукушкин үздік атанды. Ал үшіншісінде 6:4 есебімен Беларусь спортшысы жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.



Парижде 104-рет өткен «Тур де Франс» аяқталды. Аты төрткүл дүниеге жайылған жарысты «Sky» командасының мүшесі британдық Крис Фрум қатарынан 3-ші рет жеңіп отыр. Бұл әйгілі спортшының осымен төртінші жеңісі болып отыр. Ал «Астананың» ішінде Фабио Ару үздік атанды. Қазақстандық команданы бастаған Италия спортшысы жеңістен дәмелі еді. Алайда, мәреге төртінші болып келді. Альпі тауларын Ару бірден бағындыра алмады. 13-кезеңнен кейін «Сары» көйлекті болашақ жеңімпазға беруге тура келді. Айта кету керек, ең беделді веложарыста барлығы 18 команда бағын сынады. Бір қызығы, турнир барысында Фрум бір де бір жарыс кезеңдерін жеңіп көрмеген. Мұндай құбылыстар спорт әлемінде сирек орын алып отырады. Соңғы рет осындай ерекше жеңіс 11 жыл бұрын қайталанған еді. Марсельден кейін британдық велошабандоздың қосымша 54 секунды болған екен. Келесі жылы футболдан әлем чемпионатына байланысты «Тур де Франстың» уақыты бір аптаға шегерілмек.


Тарихтағы қайталанбас тұлға олимпиаданың 23 дүркін чемпионы акуладан баяу екен. Майкл Фелпс 100 метрлік сында акуланы озып кете алмады. Америкалық спортшы су жыртқышынан 2 секунд артта қалды. Айрықша жарыс Кейптаунда өтті. Қарсыластардың жүзу жолақтары әдейі екіге бөлінген. Алайда, компьютерлік монтаж кезінде олардың жолақтары біріктірілген болатын. Айта кетсек, акула бұл сында олжаның артын қуған еді. Ал бұрын-соңды жеңіліп көрмеген Фелпс жыртқышпен қайта сынға түсетінін хабарлады.