Ақтөбеде жылу мен ыстық су үшін қарызын төлемейтіндер көбейген. Келеңсіздікпен күресу мақсатында сот орындаушылары мен жылу компаниясының өкілдері арнайы рейдтік шаралар өткізуге кірісті. Нәтижесінде 30 миллион теңгедей өндірілген. Тағы осындай көлемдегі қарыз қайтпай отыр. Жылу берушілер қарызы шектен асқандарға қатысты жаңа әдісті қолға алды. Яғни олардың темір тұлпары тәркіленеді.
Арнайы тізімдегі 63 көлік иесінің қарызы 3 жарым миллионға жуық. Құқық қорғаушылар шаһардың көлік көп жүретін көшелерінің біріне келіп, қарызы бар тұрғындардың өтуін күтті. Біраз уақыттан соң арнайы құрылғының көмегімен алғашқы борышкер де ұсталды.
Бұл көлік иесі мекемеге 56 мың теңге көлемінде қарыз екен. Жас жігіт темір тұлпар әкесінің атына тіркелгеін айтып ақталуға тырысқанымен, одан нәтиже болмады. Құқық қорғаушылар көлікті айып тұрағына жөнелтті. Енді иесі, қарызын толық өтеген соң ғана, алып кете алады.
Кенжетай Байсадақов Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Әкемнің машинасы еді. Әкемнің қарызы бар екен 56 мың теңге. Оны білмей қалдым. Осы бойы біліп тұрмын тоқтатып. Осы бойы мына кісімен бара жатырмын.
Тізімдегі тұрғындардың қарызы 11 мыңнан басталып, 116 мың теңгеге дейін жетеді. Олардың ішінде ескі көлік мінгендер де, қымбат джипті тізгіндегендер де бар. Мамандардың сөзінше, мұндай борышкерлер арнайы сот қаулысы шықпайынша қарызын өтеуге асықпайтын көрінеді.
Қайрат Жамантаев, жеке сот орындаушысы:
Борышкерлердің тұрғылықты жері бойынша немесе тіркелген мекенжайлары бойынша біздермен, учаскелік инспекторлардың қатысуымен атқарушылық іс жүргізілуде. Жыл басынан бастап бізде орындауда мыңнан аса «Трансэнерго» акционерлік қоғамының, оның суммасы 60 миллион теңгені құрайды.
42 мың теңгеден артық қарызы бар азаматтардың шетелге шығуға құқығы жоқ. Бүгінге дейін 5 борышкер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-ншы бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 3 күнге қамауға алынған. Жылумен қамтамасыз ететін компания өкілдері тұрғындардың жағдайына қарап, қарызын төлеуге біраз уақыт берілетінін айтады. Бірақ соның өзінде берешегін өтемейтіндер саны азаяр емес.
Ерболат Қисықов, «Трансэнерго» АҚ төрағасының орынбасары:
Соттың шешімі бар. Сот орындаушылары тұтынушылармен жұмыс істеп жатыр. Заң шеңберінде оларға бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бірақ бүгінгі жағдайда көпшілігі сот шешімін орындамай отыр».
Жақсыбек Кемал, тілші:
Мамандар қала тұрғындарының әлі де болса 30 миллион теңгеден астам қарызы барын айтады. Сондықтан мұндай шараларды жиі өткізіп тұру жоспары бар. Ал бүгін 4 борышкер ұсталып, көліктері айып тұрағына жіберілді.
Жақсыбек КЕМАЛ