Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкенттік шенеуніктер бір айдан соң қызметтік көліктеріне қайта отырды

AstanaTV
16.11.2017ж. 20:00
2213
Шымкенттік шенеуніктер бір айдан соң қызметтік көліктеріне қайта отырды

Шымкенттік шенеуніктер қызметтік көліктеріне қайта отырды. Осыдан бір ай бұрын олар тұраққа қойылған болатын. Лауазымды тұлғалар бір апта бойы жұмысына қоғамдық көлікпен қатынады. Одан кейін бірі жеке көлігімен, өзгелері сол күйі автобуспен барып жүрген.

Бүгін қаңтарылған темір тұлпарлар қозғалысқа кірісті. Ұзақ уақыт тұрып қалғандықтан, оларды оталдыру да қиынға түсті. Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Айгерім Жұмағұлова анықталған кемшіліктер бойынша қоғамдық көліктердің рейтингісі түзілгенін айтады.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қалалық әкімдігі  баспасөз қызметінің жетекшісі:

Ол рейтингтің қорытындысы бойынша шешімдер қабылданады. 5 көлік компаниясымен келісім үзілді, және де №145, №4 сонымен қатар №45-ші маршруттардың графиктері көбейтілді. Және де 101, 89 маршруттардың жұмысы қайта қаралынды. Бұл маршруттардың таңдалған себебі - дәл осы маршруттарға шағым өте көп болды тұрғындар тарапынан.

Акцияның нәтижесінде бірталай кемшіліктің беті ашылған. Қоғамдық көліктердің таңғы және кешкі мезгілдерде жолаушыларға лық толатынына халық наразы. Көрсетілген қызмет сапасының төмендігі де назарға алынды. Алдағы уақытта 10 әлеуметтік бағыт ашылады. Халық көп шоғырланған аумақтарға қатынайтын қосымша тағы 12 жаңа бағыт қосалады деп жоспарланған. Ал таяу күндері қалаға су жаңа 100 автобус жеткізіледі. Лицензиясынан айрылған компаниялар кемшіліктерді жойған соң қайта тендерге қатыса алады. Ал шымкенттіктердің мобильді қосымшаның көмегімен автобустардың қозғалысын бақылауға мүмкіндігі бар. Аялдамаларға ақпараттық табло ілініп, электронды билет жүйесі енгізілмек.