$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ерлан Сағадиев ұстаздарға ағылшын тілін үйретуге әлі уақыт бар екенін айтты

AstanaTV
17.11.2017ж. 20:00
4436
Ерлан Сағадиев ұстаздарға ағылшын тілін үйретуге әлі уақыт бар екенін айтты

Ағылшынша үйрене алмаған мұғалімдер қайтадан оқытылады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан мен Америка жоғарғы оқу орындарының форумында осылай деді. Оның айтуынша, шалғай ауылдардың ұстаздары ағылшын тілін үйрену үшін аймақтағы орталықтар мен ірі қалаларға шақыртылып жатыр. Білімін шыңдайтын мұғалімдер үшін жатын орын мен тамақ және стипендия қарастырылған көрінеді. Оқыту курстары 9 айға жалғасады,- дейді министр.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біз үштілділік саясаты туралы айтып отырмыз. Бұл мақсатты Президент қойды. Мектептердің оқу бағдарламасын қарадық. Пәндер өте көп, филосифия, химия, ешбірін алып тастай алмайсың. Осы пәндерді неге ағылшын тілінде оқытпасқа деген ойға қалдық. Егер балалар қолдаса, оқытуға әбден болады. Мұғалімдердің дайындығы жалғасып жатыр. Әлі уақыт бар.  

Американдық мамандар үштілділікке көшу бойынша дайындық жұмыстарына жоғары баға беріп отыр. Олар да бірінші кезекте ұстаздарды оқыту керек деген қазақстандық әріптестерінің бағытын қолдайды.

Наталия Романова, Джордж Вашингтон университетінің оқытушысы, АҚШ:

Үш тілді жетік меңгерген мамандар пайда болған кезде ғана, соңынан оқушыларды ерте алады. Егер ондай мамандар жеткіліксіз болса, үш тілділікке емес, тілдің бұрмалануына алып келеді. Сондықтан бірінші кезекте мұғалімдерден бастау керек. Тілді жоғары деңгейге көтеру үшін ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде білу жеткіліксіз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ