Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде үш ауысымды мектептер мәселесі шешілер емес

AstanaTV
17.11.2017ж. 20:00
3986
Ақтөбеде үш ауысымды мектептер мәселесі шешілер емес

Ақтөбеде мектептерге бала симай жатыр. Пайдалануға берілгеніне бір жыл ғана болған жаңа мектептің өзі толып, бастауыш сынып оқушылары үш ауысымда оқуға көшкен. Салдарынан бүлдіршіндер үйге кеш қайтады екен. Бұл жағдай балаларға да, ата-аналарға да қиындық туғызып отыр.

«Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 16 мыңға тарта халық тұрады. Өткен жылы мұнда 1200 орынға шақталған мектеп салынған еді. Қазір 2250 оқушы білім алып жатыр. Сынып бөлмелері жетпегендіктен, жақында үш ауысымға көшкен. Соңғы ауысымда 3 пен 4-інші сыныптардағы 314 бала оқиды.

Меңдібай Нұрманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Бала көп өте. Сыйымдылығы мына мектептің жетпейді. Класс контингенті үлкен. Класс комплектісі өте үлкен. Енді үш ауысым оқиды. 1 емес, екі мектеп салып беру керек бұл араға. Мына микрорайондар, салынып жатқан үйлерге халық кірсе, тіпті қиын болады.

Мектеп басшылығы оқушылардың 63 пайызын бастауыш сыныптар құрайтындықтан, соңғы ауысымға жоғары сыныптарды көшіру мүмкін еместігін айтады. Қалада үш ауысымда білім беретін 14 мектеп бар. 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Екі білім ордасына жапсарлас қосымша ғимараттар салынуда. Жергілікті билік үш ауысымды мектептер мәселесі 2019 жылдан кейін ғана шешіледі деп отыр. Ал «Нұр Ақтөбе» ауданында екі мектептің құрылысы басталмақ. Оған дейін 60-ыншы мектептегі бала саны көбеймесе, азаймайды. Себебі мұнда халық көптеп қоныстанып жатыр.

Бағдагүл Нұртазина,  №60 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

Бірінші қабаттағы гардеробқа да отырғыздық оқушыларды. Күн жылы болғандықтан, гардероб қажеті жоқтықтан. Яғни олардан да класс кабинетін аштық. Екінші тоқсаннан бастап күн салқындады, балалар сабаққа шешініп  кіруі керек, сондықтан солай үш ауысымға ауысуға тура келді.

Жақсыбек КЕМАЛ