$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Елде 200 мың тоннаға жуық АИ-92 және АИ-93 бензинінің қоры бар

AstanaTV
17.11.2017ж. 20:00
2715
Елде 200 мың тоннаға жуық АИ-92 және АИ-93 бензинінің қоры бар

Қазақстанда 200 мың тоннаға жуық АИ-92 және АИ-93 бензинінің қоры бар. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясында өткен жиында Энергетика вице-министрі мәлімдеді. Оның сөзінше, қараша айы басталғалы бері Ресейден 74 мың тоннадай жанар-жағармай жеткізілген. Вице-министр Павлодар мұнай зауытының жоспарлы жөндеуден кейін іске кіріскенін еске салды. 12 қарашада аталған өндіріс орнында заманауи қондырғы іске қосылған. Бұл өндіріс қуаттылығын арттырып, тәулігіне 4 мың тонна бензин өндіруге мүмкіндік береді. Жиын барысында министрлік өкілдеріне сұрақ аз болмады. Көпшілікті әсіресе, мұнай өндіруші зауыттардың қауіпсіздігі мен ол жердегі құрылғылардың жеткізілу жайы алаңдатады.

Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Павлодар мұнай зауытын іске қосу кезінде дизель отынын өндіруге қажетті сутегі сорғысында ақау бары байқалды. Осыған байланысты жөндеу жұмыстары желтоқсанның соңында толық аяқталады деп отырмыз. Бұл жағдай зауытта дизель отынының өндірісін төмендетті. 

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан»  фракциясының мүшесі:

Қазақстандықтарды жанар-жағармай, газ, көмір мәселелері алаңдатып отыр. Осының бәрі көп сұрақ туындатады. Кінәлілер жазасын алып жатыр. Бірақ сонда да мәселе толық шешімін таппай отыр. Демек әлдеқайда күрделі, жүйелі шешуді қажет етеді деген сөз.