Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биыл тек Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге бөлінді

AstanaTV
20.11.2017ж. 20:00
3528
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биыл тек Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге бөлінді

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биыл тек Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге  бөлінді. Ал индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста жалпы сомасы 70 миллиард теңгеден асатын 7 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұндай деректер «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Маңғыстау облысына іссапары барысында белгілі болды.

«Каспий» су тұщыту зауыты өндірістік қуатын биыл бірден 3 есеге арттырды. Осылайша кәсіпорын өңірдегі сұраныстың 25 пайызын қамтып отыр. Өйткені шілдеде жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтады. Оған "Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет қаржысы жаңа неміс қондырғыларын сатып алуға жұмсалған.

Жанна Баетова, «Каспий» су тұщыту зауыты бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары:

Біз теңіздің суын ТОО «Маяк» КазАтомПром» мекемесінен алып отырамыз, сатып алып отырамыз. Суды залалсыздандырып, яғни санитарлық ережеге сәйкес келтіріп, суды әрі қарай Мұнайлы, Қарақия аудандарының тұрғындарына жіберіп отырамыз. Қазіргі таңда бізде шамамен 6 мың -7 мың текше метр тәулігіне жіберіп отырмыз.

Мемлекеттік қолдау көрсетілген кәсіпорындардың тағы бірі - «Мағаш нан» ЖШС. Бұл серіктестік - елдегі ең ірі нан комбинаттарының бірі. Бүгінде мұнда ұннан дайындалатын кондитерлік, нан және макарон өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады.

Айтжан Сауғабаев, «Мағаш нан» ЖШС бас директоры:

«Біздің Қазақстанда мұндай наубайхана жоқ. Тек қана бізде. Барлығы Германиядан әкелген, түгелдей. Біздер шикізатты Қостанайдан аламыз, Ақтөбеден аламыз, кейде Шығыс Қазақстаннан аламыз. Әр уақытта әртүрлі. Президенттің қолдауымен бізге көптеген көмектер беріліп жатыр. Әсіресе «Даму» қоры біз 6 процент кредитпен осы оборудованиені алдық. Сосын «Дорожная картамен» бізге көптеген көмек болды. Газификация, электричество, соған көмектесті».

Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі өндіріс орындарына білікті мамандар даярлайтын политехникалық колледжінде де болды. Мұнда барлық кабинет заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соның ішінде бұрғылау жұмысының, автомобильді және дәнекерлеу ісінің виртуальді жаттығу құралдарын ерекше атап өткен жөн. Студентермен кездесуінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда өңірдің белсенділігіне назар аударды. Ал әлеуметтік серіктестік аясында бұл оқу орны 56 кәсіпорынмен меморандумға қол қойған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Маңғыстау облысы - өзінің экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сондықтан бұл өңірге жыл сайын білікті мамандар көптеп қажет, экономиканың әр саласы бойынша. Міне, осы тұрғыдан келген кезде біз тұрған колледжде 2700-ден астам студент ең осы заманғы білікті кәсіптерді меңгеруде. Олардың бірқатар бөлігі Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Сәтті қадам» бағдарламасы бойынша, биыл ғана мектеп бітіріп, осы оқу орнына оқуға түскен азаматтар. Кейде өмірдегі үлкен болашық дәл осындай бір сәтті қадамнан басталады».

Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдің 10 белсенді жасына партия билеттерін табыстады. Ал, облыс активімен кездесуінде Мемлекет басшысының Саяси кеңес отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыруда партия алдында тұрған нақты міндеттерін атап өтті.