$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Павлодарда облыстық прокурордың бұрынғы орынбасары декреттік демалысқа шыққан

AstanaTV
23.11.2017ж. 20:00
2794
Павлодарда облыстық прокурордың бұрынғы орынбасары декреттік демалысқа шыққан

Павлодарда облыстық прокурордың бұрынғы орынбасары Қуат Артықбаев декреттік демалысқа шықты. Ол қазанның 1-нен бастап бала күтімі бойынша үш жылға демалыс алған. Енді қызметіне 2020 жылдың наурызында оралмақ. Бұл ақпаратты құзырлы органның баспасөз қызметі растады.

Аида Сыздықова, Павлодар облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы:

Ол 20 қыркүйектен лауазымды қызметін өз еркімен босатты. Бірақ ол облыстық прокуратураның қарамағында қалды. Содан кейін қыркүйектің 25-сінен ол бала күтімі бойынша демалысқа шығу туралы өтініш жазды. Сөйтіп, қазанның 1-нен ол декреттік демалыста.

Қадағалау органында 24 жыл қызмет еткен Артықбаев 2012 жылы облыс прокурорының орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін тағы бір прокурор декреттік демалыс алған екен. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының ақпаратынша, аймақта бала күтімі бойынша 29 ер адам демалыс алған.

Манас Жұмаділов, Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекторы:

Бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Дегенмен де бұған заңды түрде тыйым салынбаған. Яғни еңбек нормалары ер адамдардың декреттік демалысқа кетуіне еш кедергі келтірмейді. Айналып келгенде, ана мен әкенің жеке шешімі болып табылады. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ