$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтау әскери бөлімінде соққыға жығылған жауынгер ес-түссіз жатыр

AstanaTV
24.11.2017ж. 20:00
6846
Ақтау әскери бөлімінде соққыға жығылған жауынгер ес-түссіз жатыр

Ақтаудағы әскери бөлім жауынгері 19 жастағы Дәулет Әшіров ауруханада ес-түссіз жатыр. Ол әскери бөлімдегі төбелес кезінде соққыға жығылған. Дәрігерлер Дәулеттің жағдайы әлі ауыр күйде екенін айтады. 25 744 әскери бөлімінің аумағында болған оқыс оқиғаны тергеу ісімен қазір әскери полиция айналысып жатыр.

Бауыржан Балықпаев, ҚР Қарулы күштері әскери полиция бас басқармасы бастығының орынбасары:

20-қарашада әскери борышын өтеушілердің арасында болған кикілжіңнен кейін 25744 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Дәулет Әшіров Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті. Қазір тергеу басталып, жағдайдың қалай болғаны анықталып жатыр. Бұл іс Қорғаныс министрі мен Бас әскери прокурордың бақылауында.

Дәулет Әшіров әскер қатарына Шығыс Қазақстан облысынан шақыртылған. Жігіттің ата-анасы Ақтаудағы әскери бөлім теңіз-жаяу әскерінің элитасы болғандықтан, ұлдарының амандығына алаңсыз болғандарын айтады. Үйімен жиі хабарласатын Дәулет әскери борышын өтегесін, осы салада қызмет етуді жоспарлаған. Бірақ ұлдарының жансақтау бөлімінде жатқанын естіп, Ақтауға жеткен ата-анасы қатты қамығып отыр.

Бақтыбек Әшіров, Дәулет Әшіровтың әкесі:

Ұлымды осындай күйге түсірген жауызды аяп керегі жоқ, ең қатал жаза беру керек. Құдайдан ұлым тезірек жазылып, қатарға қосылып кетсе екен деп сұраймын. Оны ең мықты дәрігерлер қарап, емдесін. Ал әлгі жауыз жазасыз қалмасын деп тілеймін.