$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Халықаралық мүгедектер күніне орай қоғамдық «Жан шуақ» сыйлығы табысталды

AstanaTV
24.11.2017ж. 20:00
5024
Халықаралық мүгедектер күніне орай қоғамдық «Жан шуақ» сыйлығы табысталды

Бұдан былай елімізде бір де бір әлеуметтік маңызы бар ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың талабын ескермей салынбайтын болады. Халықаралық мүгедектер күніне орай өткен қоғамдық «Жан шуақ» сыйлығын табыстау рәсімінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов осылай деді.

"Жан шуақ" сыйлығы ерекше мұқтаждығы бар адамдарға спорт, мәдениет, қолданбалы өнер, қоғамдық жұмыс сынды өзге де бағыттар мен сол мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсартқан тұлғаларға табысталады. Аталмыш сыйлық осымен оныншы мәрте беріліп отыр. Мерейтолық марапат саяси ұйымның «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында өткізілді.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Жыл сайын арамызда үлгі тұтарлық адамдардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Ондай мысалдарды біз халыққа көрсетіп, жариялау керекпіз. Қоғамдық «Жан шуақ» сыйлығы 10 жыл бойы тек ерекше мұқтаждығы бар адамдарды біріктіріп қана қоймай, өзгенің қайғысына ортақтасқан қазақстандықтардың да басын қосты. Енді Қазақстанда ерекше мұқтаждығы бар адамдардың мүмкіншілігі ескерілмей, бір де бір нысан салынбайтын болады. Ал алдағы 5 жылда Үкімет, министрліктермен бірге бұған дейін салынған ғимараттар мен қоғамдық көліктер сондай адамдар үшін бейімдеуден өтеді.

Елбасы тапсырмасымен 4 жыл бұрын басталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 35 мың мүгедек жұмысқа орналасты. Әлеуметтік маңызы бар 17 мың нысан мен ғимарат мүмкіндігі шектелген жандарға қолжетімділігі жағынан тексерілді. Сөйтіп олар қайта бейімдеуден өткізілді.