Бишімбаев
ісіне қатысты куәгерлерді тыңдау жалғасуда. Бүгін сот отырысында
экс-шенеуніктің елорда маңында бой көтерген зәулім үйіне қарап жүрген
"жұмыскер" куәлік етті. Карл Вебер Қуандық Бишімбаевпен оның
туысы Сұлтан Нұрлыбекті танитынын айтты. Ғимаратты қарап жүргені үшін ай сайын
200 мың теңге көлемінде жалақы алғанын мойындады. Сондай-ақ ол Бишімбаевтың Қосшыдағы зәулім үйін күзетіп
қана қоймай, тазалыққа жауапты болған. Монша жағу мен үйге келген қонақтарға
дастархан жаю міндеті де өзінің мойнында болғанын айтты.
Куәгердің сөзінше, ол
бас-аяғы 3 ай ғана жұмыс істеп 600 мың теңге алған. Бұдан бұрын «Номад» атты
автожуу бекетінде жұмысшы болған көрінеді. Вебер өзіне еңбекақыны Бишімбаевтың туысы Сұлтан Нұрлыбек төлегенін
айтты.
Қосшыдағы аумағы 500
шаршы метрді құрайтын зәулім үйдің бұрынғы жұмыскерінен басқа, бүгінгі сотта
тағы 4 куәгерден жауап алынды. Атышулы іске қатысты сот отырысы ертең де жалғасады.