Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Бали аралында Агунг вулканы оянды

AstanaTV
27.11.2017ж. 20:00
2510
Бали аралында Агунг вулканы оянды

Туристердің ең сүйікті мекені саналатын Индонезиядағы Бали аралында Агунг вулканы оянды. 54 жыл бойы тыныш жатқан жанартау атқылап, тұрғындарды әуреге салып жатыр. Қара түтіннің биіктігі үш жарым шақырымнан асады. 10 шақырым аумақтағы тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Өйткені вулканның қауіптілігі жоғары деңгейге жетті. Қою түтін екі бірдей халықаралық әуежайдың жұмысына да кедергі келтірді. Жүздеген рейс тоқтап, мыңдаған турист елден шыға алмай қалды. 

Балидің халықаралық әуежайы құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Қауіпсіздікті ескерген билік әуе  айлағын 24 сағатқа жауып тастады. Апаттарды зерттейтін мамандар вулканның қауіптілігі өте жоғары деңгейге жетті деп отыр. Салдарынан 445 рейс тоқтап, Бали аралындағы демалысты ұнататын 60 мыңдай турист қамауда қалды. 

Көңілім құлазып тұр. 15 минут бұрын бәрі істеп тұрған, енді жауып тастады. Ешқандай ақпарат жоқ.

Тексеріс жүріп жатыр дейді. Ары қарай не болатынын білмейміз. Түнімен осы жерде қалатын шығармыз.

Дегенмен ұша алмай қалған туристердің бәрі бірдей ренжіп жатқан жоқ. Кейбіреулері сирек кездесетін табиғи құбылысты бақылауға кіріскен. Әуежайдың тек бір тәулікке жабылғаны туралы ақпарат бар. 

Херсон, Бали халықаралық әуежайының аға менеджері:

Метеорологиялық қызметтің мәліметтеріне сай, және вулкан күлімен айналысатын орталық пен ұшқыштардың есебін негізге алып, әуежайды уақытша жаптық. Бұдан арғы әрекетіміз вулканның әрекетіне байланысты.

Әуе бағыттары біржола тоқтап қалмауы үшін ел билігі көрші провинцияларда 5 әуежайды дайындап қойды. Ал екі күнде бас-аяғы тоғыз мыңдай жолаушы жолынан қалды. Бұл Ломбок әуежайын есептемегендегі сандар. Аталған айлақ та кеше кешкісін жабылған еді. Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Вулканның атқылауы артуы мүмкін деген жорамал бар.

Сутопо Пурво Нугрохо, Индонезия апаттарды жұмсарту ұлттық агенттігінің баспасөз хатшысы:

Өткендегіден қуаттырақ болатын жаңа атқылаулар тіркелуі мүмкін. Сондықтан қауіптілік сақталады. Вулкан әлі басылған жоқ.

Вулканға жақын маңдағы 40 мыңдай тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы 100 мың адамды вулкан аумағынан алып кету керек. Айта кетерлігі, Агунг вулканы соңғы рет 1963 жылы атқылаған. Ол кезде табиғи апаттан бір мыңдай адам қаза тапты. Индонезияда барлығы 130 вулкан бар. Олардың көбі ара-тұра оянып тұрады. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ