Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Баласына екпе жасатудан бас тартатын ата аналарға түсіндіру шаралары күшейді

AstanaTV
03.08.2017ж. 20:00
3254
Баласына екпе жасатудан бас тартатын ата аналарға түсіндіру шаралары күшейді

Ақтөбе облысында вакцина алмаған балалардың саны артты. Сондықтан аймақта жедел жұмыс топтары құрылған. Олар екпеден бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев хабарлады. Оның айтуынша, перзентіне екпе жасатпайтын ата-аналар көбіне діни көзқарастарымен түсіндіреді. Сондықтан екпе алмаған балалар саны артып отыр.

Шенеуніктің мәліметінше, 7 жасқа дейінгі 2572 балаға ешқандай екпе салынбаған. Оның 1686-сы туғалы бері егілмеген сәбилер. Бұл дегеніміз түрлі инфекция жұқтыруға бейім балалар көбейді деген сөз, - дейді басқарма басшысы. Жыл басынан бері түсіндіру нәтижесінде 182 сәбидің ата-анасы перзентіне вакцина жасауға келісім берген. Вакцинаны биыл қажылыққа баратын адамдар да салдыруы тиіс. Дін істері және азаматтық қоғам министрі коронавирусқа қарсы екпе алу міндетті екенін хабарлады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

Сауд Арабиясы билігі қажылық парызын өтеушілердің бірқатар қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакцина қабылдауы қажеттігін талап етуде. Бұл діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартудың ешбір негізі жоқ екендігінің айқын дәлелі.

Министр өткізген брифингте имамадардың жалақысы белгілі болды. Қала, облыс мешіттерінде имамдар 70-80 мың, аудандық мешіттерде - 40-50 мың, ауылдарда 30 мыңға дейін айлық алатын көрінеді. Нұрлан Ермекбаев олардың жалақысы садақа жәшіктеріне түскен қаражатқа тікелей байланысты екенін айтты. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бұл мақсатқа қаражат бөлмейді және бюджеттен де қарастырылмаған. Ал жәшіктердегі қаржы қатаң бақылауда, - дейді басқарма өкілі.

Наурызбай Өтпенов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі:

Қоғам қайраткерлерінен құрылған комиссия жәшікті ашады, қаражатты санап алады да, есепшіге өткізеді. Сонан соң банкке тапсырылады, коммуналдық төлемдер, қызметкерлердің жалақысы банк арқылы карточкаға түседі.