$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайлық зағип жан қоқысты қайта өңдейтін цех ашты

AstanaTV
28.11.2017ж. 20:00
3259
Қостанайлық зағип жан қоқысты қайта өңдейтін цех ашты

Қолыңнан келсе - қоқыстан пайда тап! Қостанайлық зағип жан тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін шағын цеx ашты. Өз кәсібін дөңгелетуге ниеттенген Андрей Зелевский айына 3 тоннаға жуық ұсақталған полимер шығарады. Бұл шикізатты кәсіпкерлер сатып алып, құрылыс пен өзге де салаға пайдаланады. Зағип жанның жеке кәсібі жайлы тілшіміз Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар Санай, тілші:

Шағын цехта екі адам жұмыс істейді. Қос зағип күніне 200 келіге жуық шикізат шығарады. Қазір,  Қарағанды облысынан қабылданған тапсырысты орындап жатыр. 2 тонна өнім өткізуге келісім бар. Андрей Зелевский келер жылы өндірісін кеңейтіп, қайта өңделген полимерден құрылысқа қажет өнімдер шығаруды жоспарлап отыр.

Андрей Зелевский,  кәсіпкер:

Бір сағатта 30-50 келіге дейін тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге болады. Шикізатты қаптауға көп уақыт кетеді. Әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды. Қажетті құрал-жабдықты интернеттен қарайтын сәттерде кәсіпкерлер палатасына жүгініп отырдым.

Қарапайым әрі қауіпсіз мына құрал Ресейде құрастырылған. Құны 600 мың теңгеден асады. Агрегаттың қауқары сағатына 50 келіге дейін пластмассаны ұсақтауға жетеді.

Мүмкіндігі шектеулі жанның игі бастамасына қолдау көрсеткендер көп. Қаладағы қатты қалдықтарды сұрыптайтын кәсіпорын кәсіпкерге тегін орын беріп, тұрмыстық қалдықтарды төмен бағамен жеткізіп отыр.

Максим Клементьев,  серіктестік директоры:

Бұл жерде біздің фирма табыс тапқаннан гөрі, көмек көрсетуді көздеп отыр. Әлеуметтік жоба дер ем. Біз оған келісімшарт негізінде тұрмыстық қалдықтарды өз бағасымен жеткізіп береміз. 

Андрей Зелевский «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Сөйтіп, еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ақшалай грантын ұтып алған 5 кәсіпкердің қатарынан орын алды. Өндіріс ошағын ашуға ұмтылған зағип жанға өңірдегі кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсеткен.

Роберт Юсупов, Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Оқу барысында және одан тыс уақытта кеңес беріп, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектестік. Аудандағы үйлестіруші мамандар да үнемі бағыт-бағдар ұсынып отырды.

Облыс көлемінде 300-ден астам қоқыс полигоны бар. Онда төгілетін тұрмыстық қалдықтардың тек 5 пайызы қайта  өңделеді. Қалдықтарды сұрыптап, оны табыс көзіне айналдырып отырған кәсіпорындар саусақпен санарлық. Андрей Зелевскийдің өңірдегі түйткілдің түйінін шешуге өз үлесін қосқаны қуантады.

Заңғар САНАЙ