Тұран жолбарысын қайта тірілту.
Бұл іске Қазақстан жыл сайын 117 млн теңге бөлуге әзір. Кешенді бағдарлама
келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Ол үшін жолбарыстар өмір сүруге
қолайлы орта болуы қажет. Жобаның алғашқы бесжылдығында Балқаштың оңтүстігінде фауна
мен флораны қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асады. Тоғайлар пайда болады. Және
ол жерге жыртқыш аңның азығы саналатын қабан мен бұғы-еліктің түр-түрі
жіберіледі.
Түркия мен Орталық Азияны қосқанда 12 елдің аумағында өмір сүрген
Тұран жолбарыстары өткен ғасырдың 70-ші жылдары жойылып кеткен. Бірақ түз
тағысының туыстары бар болып шықты.
Игорь Честин, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының директоры, Ресей:
Генетикалық зерттеулер Тұран жолбарысы Ресейдің Қиыр шығысындағы Амур жолбарысының бір түрі екенін көрсетті. Олардың саны өсіп, көбейіп жатыр. Амур жолбарысын Қазақстанға жерсіндіруге әбден болады.
Айтпақшы, қыркүйекте тұран жолбарысын қайта тірілту жобасының тұсау кесеріне World Wild-life Fund-тің елшісі Леонардо ди Каприо келеді деп күтілген еді. Бірақ Голливуд жұлдызының Астанаға жолы түспеген сияқты. "Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры" Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге 10 млн еуро бөлген.
Мәрлен Айнабеков, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Басты міндет - флора мен фаунаны
қалпына келтіру. Бағдарлама шамамен 10-15 жылға созылады.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ